Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Президент өз сөзінде биыл бас қаламыздың құрылғанына 25 жыл толғанын, Астана ширек ғасыр ішінде заманауи ірі қалаға айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда. Елорда күн санап ұлғайып келеді. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқы 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін.
– Бірақ қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген. Әрине, қаланың қарқынды дамығаны жақсы. Дегенмен қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мұны жұрт біліп отыр. Сондықтан Үкімет те, әкімдік те соның бәрін шешу үшін жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту қажет. Астананы көркейту, тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, мегаполис – еліміздің іскерлік, саяси және мәдени орталығы. Еліміздің барлық аймағы елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Астана көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша да басқа қалаларға үлгі көрсетеді. Сондықтан қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеуі қажет.
Президент Астананы одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындап берді. Біріншіден, елорданы жылумен қамтамасыз ету жүйесі орнықты болуы қажет.
– Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған шешімдер қаладағы өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның тапшылығына алып келді. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Өткен жылыту маусымында қалада жылу қуатының тапшылығы қатты сезілді. Қыс жылы болғандықтан, апаттан аман қалдық. Ал қала басшылығы қалыпты жылумен қамтамасыз етуге дайын болмаса да, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салуды қолдап келеді. Қаладағы инженерлік инфрақұрылымның дамуы көбіне коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын лауазымды тұлғалардың кәсібилігіне де байланысты. Жеңіс Махмұдұлы, жыл басында сізге қаладағы коммуналдық мекемелердің басшылық құрамына талдау жүргізу тапсырылды. Байқауымша, әзірге бұл тапсырма толық орындалған жоқ. Елорданың жылу электр стансасын заңгер, Астана аймақтық электр желілік компаниясын бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су арнасы мекемесін зоотехник басқарады. Әркім өзі жетік білетін іспен айналысуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, жұмыстың нәтижесі тиісті деңгейде болмайды. Қала басшылығының таяз ойлауы және әрекетсіздігі салдарынан жаңа жылу көздерін, су құбырын, кәріз суын тазарту нысандарын «төтенше» режимде салуға мәжбүр болып отырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елордадағы инфрақұрылым нысандарының құрылысы өте баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай мерзімде үшінші ЖЭС-тің екінші кезеңі мен үшінші газ қазандығының құрылысына қатысты біржақты шешімге келу жөнінде тапсырма берді. Негізгі міндет – Астананы кемінде алдағы 10 жылда сенімді жылу жүйесімен қамтамасыз ету.
– Үкімет барлық аймақтағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауы керек. 30 градус аязда жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарының оқиғасына қайта жол бермеуіміз қажет. Жаздың да тең жартысы өтті, алда уақыт көп емес. Сондықтан қаладағы барлық тиісті қызметтер қысқы маусымға сақадай сай болуы қажет. Күн суытқанша бүкіл елдегі жылу көздері мен коммуналдық желілердің дайындығын пысықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн. Бұл үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ жылу стансаларының меншік иелері мен мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Астананы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге басымдық беру қажет. Жаздың басындағы су тапшылығына қатысты тұрғындардың наразылығы орынды. Адамдар үйлеріне ауызсу берілуін талап етті, тіпті жолдарды бөгеп, митингке шықты. Мұндай келеңсіз жағдайға жол беруге болмайды.
– Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек. Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Бұған қоса, су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қаланы сумен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізуге қатысты тапсырманы орындамағаны үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметін сынға алды. Құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс.
– Астананы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз, – деді Президент.
Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алу, сондай-ақ Астананы сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берілді.
Сонымен қатар Президент тұрғын үй құрылысы саласын реттеуге шақырды. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп.
– Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты проблемаға тоқталды.
– Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін сақтауға және дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дәрежеде дамытуымыз керек. Инвесторлар апатты жағдайдағы ғимараттармен айналысуы қажет. Тұрғындарды басқа жаққа көшірсін. Босаған жерге жаңа нысандар салсын. Ал әкімдік оларға қажетті жағдайды жасасын. Инженерлік инфрақұрылымды дамытсын. Жолдар, әлеуметтік нысандар салып берсін. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар қаланың орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жояды. Қаланың ескі бөлігінің сыртқы келбеті жақсарады. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Адамдардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін құрылыс саласындағы озық шешімдер бас қаланың барлық аймағында қолданылуға тиіс. Аспанмен таласқан биік үйлер, ауқатты кварталдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар – бұл біздің жол емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Әділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда сәулетінің бірыңғай келбетін қалыптастыру үшін батыл шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, салынып жатқан нысандар бір-бірімен үйлеспейді, ортақ стиль жоқ, эклектика басым. Елордада біркелкі әрі сүреңсіз «қорап-ғимараттар» қаптап кетті. Олардың сапасы көбіне сын көтермейді.
– Мыңжылдық аллеясының қалай салынып жатқанын қараңыздар. Ол әуелде ойлағандай елорданың көрнекті жерлерінің бірі болуға тиіс еді. Нәтижесінде, үйлерінің қасбеттері талғамсыз, алабажақ екі жұпыны көше пайда болды. Айналасы лас, егілген ағаштар шыбық күйінде қурап қалған, инженерлік инфрақұрылымының проблемасы шаш етектен. Бұған қоса, осы аллеядағы жалғыз шағын саябақты үй салу үшін жекеменшік компанияға беріп жіберген. Бұл – мүлде шектен шыққандық. Бас жоспарда қарастырылған шағын саябақтарды қайтаруды және Мыңжылдық аллеясын жүйелі дамыту мәселесімен шұғыл айналысуды тапсырамын. Мен қаланы көгалдандыруға, оны абаттандыруға, саябақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлемін. Бұл Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына және Алматыға да қатысты. Алматы секілді Астана да жасыл қалаға айналуы керек. Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа вокзалға дейін созылып жатқан елорданың стратегиялық осі үлкен әрі жайлы, жасыл желекті саябаққа айналуға тиіс. Оның маңайындағы көшелер мен аулалардың бәрін тиісті деңгейде абаттандыру керек. Жалпы, Жағалау шағын ауданы мен Тұран даңғылының батыс жағындағы құрылыс алаңы секілді елорданың жаңа аудандары мүлдем абаттандырылмаған. Көшелер жарықтандырылмаған, жаяу жүргіншілер жолы жоқтың қасы, қоғамдық орындар қарастырылмаған. Ал саябақтар мен шағын бақтар туралы айтпай-ақ қояйық. Ондай атымен жоқ, – деп Мемлекет басшысы бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударды.
Президенттің пікірінше, қаланы көгалдандырудың маңызы зор. Елорданы жаппай көгалдандыру бойынша алғашқы елеулі нәтижеге биыл қол жеткізуіміз керек.
Бұдан бөлек, елорда халқының тұрмыс сапасын үздіксіз арттыру қажет. Астананың барлық тұрғынына қала инфрақұрылымы, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындар секілді нысандар тең дәрежеде қол жетімді болуға тиіс.
– Емханалардағы кезектің көптігіне және жеке клиникаларда көрсетілетін қызметтің қымбаттығына байланысты адамдар соңғы сәтке дейін дәрігерге қаралмайды. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Жағдайды түзеу үшін елордада үшінші көпбейінді аурухана салу жөніндегі ұсынысты қолдау маңызды деп санаймын. Сапалы білім беру қызметінің қолжетімді болуы аса маңызды. Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық. Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сондай-ақ 15 қосымша білім беру нысанын салу керек. Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіледі. Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы жағдайында интернетке қолжетімділік адамның, әсіресе қала тұрғынының негізгі қажеттіліктерінің біріне айналып отырғанын атап өтті.
– Алайда елордадағы интернет пен ұялы байланыс тұрақтылығы сын көтермейді. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып қана қоймайды, сондай-ақ қала экономикасына едәуір шығын келтіреді. Астана қонақтары үшін өте жағымсыз әсер қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар кеңес барысында қоғамдық көліктің жұмысына және жолдағы көлік кептелісіне, LRT жобасының жүзеге асырылуына қатысты мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ Үкіметке Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыру жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет басшысы елорда мен оның төңірегінде орналасқан елді мекендер біркелкі дамуы керек, олардың арасында көп айырмашылық болмауға тиіс деп санайды. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты мәселе. Бас қала маңындағы елді мекендерді көркейту қажет. Олар өмір сүруге барынша қолайлы болуға тиіс.
Президент бүгінгі кеңесте айтылған міндеттерді дер кезінде әрі сапалы орындау қажеттігіне назар аударды. Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс.
Жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.