Депутаттар халықтың бұйымтайларын жеткізді
Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауалдар қарша борады. Жазда өңірлерді аралап, тұрғындардың бұйымтай базыналарын жиып-теріп мінберге жеткізген мәжілісмендер сан-салалы сұрақтарға жауап іздеп Үкіметке жүгінді.
Мәселен, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсембаев теміржолдағы жолаушы тасымалы түйткілдеріне тоқталды. Депутат ескірген вагондар паркін жаңалау жобасының 2030 жылға дейін жүзеге асатынына қынжылады. Халық пойыздың игілігін қазір көруі керек.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі:
- Қазіргі уақытта теміржол құрамының кемінде 60% тозған. Одан қалса кондиционер істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында қоңыздар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Билеттер тапшылығымен қатар билет бағасының қымбатшылығын да көріп отырмыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған азаматтардың аманаты. Жылына 24 млрд астам тікелей субсидия алатын Ұлттық компанияның жұмысын ретке келтіретін уақыт жетті.
Нартай Аралбайұлы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақталуы мен жұмыскерлердің жалақысына тоқталды. Депутат мәлімдегендей, биыл осы сала еңбеккерлерінің айлығы өседі делінгенімен, ол басшылық лауазымдағыларды ғана қамтыған. Ал шаруашылықта еңбек ететін 10 аса мамандық түрлерінің иелері мен қатардағы жұмыскерлердің айлықтары өзгеріссіз қалыпты. «Ауыл» фракциясы шаруалардың өнімдерін кепілді сатып алу жүйесінің жоқтығына шүйлікті. Бұрын мал етімен қатар жүн,теріні қабылдап өңдейтін мал өнімдері корпорациясының жойылғанын алға тарта отырып, өсімдік шаруашылығындағы фермерлердің астықтан басқа өнімдері сатып алынбайтынын сынға алды.