Жаһандық жылыну: Қазақстан бірігуге шақырады
Орталық Азия мен АҚШ арасы бұрын дәл бұлай жақындасқан жоқ. Саясаттанушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапарын осындай пайыммен қорытындылап отыр. Сапар барысында Мемлекет басшысы көтерген бірқатар маңызды мәселе шет елдерде қызу талқыланып жатыр.
Мәселен, Еуроодақ Орталық Азиямен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Бұл туралы Еуропарламенттің Орталық Азия елдері және Моңғолиямен ынтымақтастық бойынша делегацияның Брюссельде өткен арнайы отырысында еуродепутаттар мен сарапшылар мәлімдеді. Кеңінен танымал Diplomatic World басылымының шолушысы, саясаттанушы Альберто Тюркстра: «Климат мәселесі Орталық Азияның басты түйткіліне айналады»,- дейді. Су мәселесіне қатысты істі шебер үйлестірмесе, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға серпін беру өте қиынға соғады. Сондықтан Қазақстан осы бағытта күш біріктіруге үндейді.
Альберто Тюркстра, Diplomatic World басылымының шолушысы:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған орта мен трансшекаралық су көздерін қорғау мәселесін көтеруде көш бастап тұр. АҚШ-пен ынтымақтастықты да арттырып жатыр. Мұны біз Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея алаңында өткен «C5+1» кездесуінде анық аңғардық. «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» саммитінің келесі жылғы басты тақырыбының бірі су ресурсы болмақ.