Сайлау: бәсекелестік күшейіп келеді
Қазақстандағы сайлауларда жыл сайын бәсекелестік күшейіп келеді. Орталық сайлау комиссиясы жанындағы сарапшылар кеңесі елдегі саяси науқандарға осындай баға беріп отыр. Кеңес мүшелері былтырғы Президент сайлауы мен биылғы Парламент сайлауын қорытындылады. Кеңес отырысына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері де қатысты. Бәсекелестіктің бір ғана дәлелі, мәселен, 2007 жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауында бір орынға 2,6 кандидаттан келсе, 2012 жылғы дәл осындай саяси науқанда бір мандатқа 3 адамнан таласқан. Ал осы жолы бір орынға 20 адамға дейін жеткен. Себебі партиялар қатары көбейіп, өзін-өзі ұсынған үміткерлерге де жол ашылды.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Кім сайлауға түсем деді, кім кандидат болам деді, оған мүмкіндіктер берілді. Тек қана өтініш беру керек болды. Одан кейін автобиографиясын беру керек. Декларация туралы анықтамасын және взнос төлеу керек болды. Болды, басқа ешқандай да кедергілер және басқа да жағдайлар болған жоқ.
Индира Әубәкірова, ОСК жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі:
-Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдерінің ұсыныстарын талқыладық. Мәселен, мен олардың, былтырғы Президент сайлауында бәсекелестік болмады дегені негізсіз деп ойлаймын. Талдау жүргізіп қарайтын болсақ, бұл сын пікірталас тудырады. Бізде бәсекелестік сөзсіз күшейіп келеді.