Балаева «Қоғамдық бақылау туралы» заңның іске асуына орай өз ойын жариялады
Мемлекет басшысының «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қоюы және онлайн петициялар институтын заңмен бекітуіне қатысты қоғамдық пікірлер айтылып жатыр. Қоғамдық қатынастарды барынша демократияландыруға бағытталған заңның іске асуына орай Мәдениет және Ақпарат министрі де әлеуметтік парақшасында өз ойын жариялады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі:
-Президент бастамашы болған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның мақсаты — ел азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. Заң азаматтық қоғам институттарын одан әрі нығайтуға бағытталған. Оның аясында петиция институты ресми реттеледі. Енді қазақстандықтар арнайы интернет-портал арқылы петиция жібере алады. Бүгінде қоғамымызда интернет-платформаларда сенімділік пен қауіпсіздікке кепілдік бермейтін әртүрлі мәселелер бойынша петицияларды ұйымдастыру кең таралуда. Нақты ережелердің болуы қоғамға осы маңызды құралды тиімдірек және тәртіппен пайдалануға мүмкіндік береді. Петиция институты түрлі мәселелер бойынша қоғамдық пікірдің нағыз барометріне айналады деп ойлаймын.
Заң өтініш берудің бірнеше шегін белгілейді. Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек. Өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қолы қажет. Оны қарау процесі мүмкіндігінше ашық болады, қажетті қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Соңғы шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды. Еске сала кетсем, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды дайындау бойынша ауқымды жұмыс 2021 жылы үкіметтік емес ұйым өкілдері, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері мен шетелдік сарапшылардан құрылған жұмыс тобының көмегімен атқарылды.