Француздар Қазақстанға инвестиция құюға ниетті
Екіжақты бизнес форумда қазақ тарапына инвестиция құюға ниетті 80 француз компаниясының өкілі жиналды. Шара аясында түрлі саладағы серіктестік қамтыған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Қос тарап аусылға қарсы бірлесіп вакцина өндіретін кәсіпорын ашуға уағдаласты. Бір ғана денсаулық сақтау саласында 10 құжатқа қол қойылды. Мәселен, Франциямен бірлесіп, елдің барлық өңірлерінде телемедицинаны дамытуға ден қойылмақ. Онкологияны емдейтін сәулелі терапия, химия, таргеттік ем бойынша тәжірибе алмасу туралы келісім орнады. Қазақстандық дәрігерлер мен медқызметкерлерді Францияның жетекші университеттерінде оқыту жалғасын табады. Сондай-ақ француздар біздің отандық фармацевтиканы дамытуға да ақша салуға ниетті. Олар еліміздің төрт облысында дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Джером Вайнбах, Франция ДСМ Еуропа және халықаралық істер бойынша орынбасары:
- Біз Қазақстанға денсаулық сақтау жүйесін модернизациялауға көмектескіміз келеді. Телемедицинадағы озық технологиялрымызбен бөлісіп, дәрігерлерді оқыту бойынша келісімге келмекпіз. Ол үшін екі жақтың жоғары оқу орындары меморандумға қол қояды. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша да тәжірибемізбен бөлісу ойда бар.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
- Үлкен жұмыстарымыздың бірі ол – фармацевтика бойынша. Әсіресе осы біздің Президентіміздің жергілікті отандық фармацевтикалық тауарларды 50% дейін жеткізу мақсатында үлкен фармацевтикалық компаниялармен жұмыс жасап жатырмыз. Қазірдің өзінде біз франциядан 500 таман түрлі дәрілік заттар мен медбұйымдарды сатып аламыз, соның бәрі сәйкесінше біздің науқастарға жеткізіліп жатыр. Келесі біздің қадамымыз осы өнімдерді Қазақстанда шығару болып табылады.