Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан жаңа су келісіміне келді
Тараптар Сырдария мен Әмудария каскадындағы қоймалардың жұмыс режиміне сай дариядан алынатын тіршілік нәрінің шекті мөлшерін бекітті. Бұл жолы Шардараға 1-сәуірге дейін 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал «Достық» арнасында көрсеткіш 487 млн текше метрге жетуге тиіс. Ол Түркістан және Қызылорда облысына қажетті тіршілік нәрін жинақтауға, одан кейін Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді. Орталық Азия елдері бұл саладағы мемлекетаралық комиссия отырыстарын енді жылына 4 мәрте өткізбек. Бұған дейін мұндай басқосу тек 2 рет қана ұйымдастырылатын. Ендігі жиын қаңтар айында Астанада өткізіліп, аймақтағы су ресурстарына жауапты мамандар вегетациялық кезең мәселесін қарайды. Жалпы Сырдария суының негізгі бөлігі жинақталатын Тоқтағұлдағы жағдайға мамандар биыл да алаңдаулы. Ондағы тіршілік нәрі болжамнан біршама кем. Мәселені шешу үшін мемлекеттер энергетикалық тауар алмасу әдісіне көшіп, суды вегетациялық кезеңге дейін сақтауды көздеп отыр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Биыл судың көлемі 1,5-1,7 млрд текше метрден төмендеу. Осы мәселені шешу үшін Энергетика министрліктері арқылы сол судың жиналуын біз қамтамасыз етуіміз керек. Оны біз 4 рет кездесеміз деп келістік. Әр мемлекетте кім қанша су алып жатыр. Бірдей ақпарат аламыз. Міндетті түрде қажетті құрал қоюымыз керек.