Елімізде әкімдер сайлауы өтті
Кеше елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Жергілікті халық 42 аудан мен 3 қаланың әкімін өздері сайлады. Саяси науқан жайлы әріптесім Дамир Берікұлы кеңінен тарқатады. Дамир, сөз өзіңде.
Дамир Берікұлы, шолушы:
-Кеш жарық, Мөлдір! Елімізде аудан әкімдерінің сайлауы алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалардың бір бөлігі. Мақсат – елдің билікке деген сенімін күшейту, қала берді, тұрғындардың елдік іске араласуына жағдай жасау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз».
Ал саяси науқан қалай өтті? Аймақтарда бас-аяғы 1491 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оларда 1 миллионнан астам сайлаушы тіркелген. Алайда тұрғындардың тек 63% жуығы өз таңдауын жасапты. Әкім болам деген 125 үміткер сайлауға қатысқан. Кандидаттардың көбі өзін-өзі ұсынғандар. Жаңадан әкім болғандардың арасында экономистер мен заңгерлерден бастап, оқытушылар мен ауыл шаруашылығы мамандарына дейін бар. Бір қызығы, ауыл әкімдерін сайлағанда жоғары білімнің болуы міндеттелмесе, бұл жолы болашақ аудан басшыларына кемінде бакалавр біліктілігінің болуы талап етілді. Бірақ мемлекеттік қызметтік қызметкер болуы шарт емес.
Қуаныш Сайлау, сарапшы:
-Олардың тікелей мамандығы мемлекеттік басқару болмаса да, өздерінің көшбасшылық сапаларын көрсетуге мүмкіндіктері бар. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларында осы қызметке қаншалықты дайын екендіктерін көрсете алады. Осылайша әкімдердің, жалпы жергілікті билік органдарының базасы жаңарады.
Сайлауға қатысқан кандидаттардың көбі ер азаматтар. Әйелдерден тек 10 шақты үміткер ғана тіркелген. Ал жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы 47 жас. Дегенмен жастардан гөрі орта жастағылар көп.
Жанар Санхаева, сарапшы:
-Меніңше бұл аудандық деңгейге сай келетін жас мөлшері. Себебі аудан немесе облыстық маңызы бар қаланы басқаратын адамда біліммен қатар тәжірибе де болуы тиіс. Басқарушылық қабілеті де ескеріледі. Сондықтан бұл жастағы азаматтардың әлеуеті зор.
Осылайша кеше 45 елді мекенде халық өз таңдауын жасады. Жаңадан сайланған әкімдер енді бұл қызметті 4 жыл атқарады. Заң бойынша одан кейін қайта сайлануына құқы жоқ. Ал өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмаса, жергілікті мәслихат депутаттары облыс әкіміне шағымдана алады. Тіпті оны жұмыстан босату жайлы ұсыныс жасауға да құзыретті. Естеріңізде болса, былтырдан бері Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Қысқасы биылғы жылдың соңына дейін ауылдық округ басшыларының барлығы дерлік жаңарады.
Ал кешегі сайлауда аудан әкімдерінің төрттен бірі ауысты. Келесі жылы тағы 25% халық өзі сайламақ. Дәл осындай ретпен 2025 жылы барлық аудан әкімі сайланбақ. Одан кейінгі кезек облыс әкімдерінде.