Сенаторлар стандартқа сай келмейтін хостелдер жұмысын тоқтату мәселесін көтерді
Сенаторлар да Алматыдағы өртке қатысты пікір білдіріп, стандартқа сай келмейтін хостелдер жұмысын тоқтату мәселесін көтерді. Депутаттар олардың өртке қарсы қауіпсіздігін тексеру қажет екенін атап өтті. «Қалыптасқан жағдай мұндай нысандарға көңіл бөлетін уақыт жеткенін аңғартады»,— дейді.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Азаматтық қорғаныс саласында, өрт саласында бізде мәселелер бар. Соның бәрін біз шешуіміз керек. Азаматтық қорғаныс бойынша біз жаңа заңды енгізіп жатырмыз. Ол жерде жан-жақты барлығы қарастырылған. Мұндай жағдай енді қайталанбауы керек. Бұл — мемлекетімізге, бізге сын.
Ал Сенаттың күн тәртібінде қаралған тақырыптардың бірі халықтың несие қарызын азайтуға қатысты болды. Мемлекет тарапынан проблемалық қарыздарды кешіру, азаматтарды банкрот деп тану түріндегі шаралар жасалған. «Бірақ «осылай екен деп бұдан әрі де кредит алуға және оны қайтармауға болады» деген пікір қалыптаспауы керек»,— дейді Жоғары палата өкілдері.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Жыл сайын халықтың тұтынушылық кредит алуы 30% артады. Яғни біз қандай тенденцияны көріп отырмыз? Тұтынушылық кредит те, қайтарылмайтын кредит бөлігі де өсіп барады. Ия ауыр жағдайға тап болған адамдарға кешірім түрінде көмек көрсетілді. Бірақ азаматтарымыз мемлекет мұндай белсенділікті үнемі қолдайды және кредиттің қайтарылмауын ынталандыру деп қабылданбауы тиіс.