Үкімет отставкаға кетті: несімен есте қалды?
Үкімет отставкаға кетті. Ақпанның 7 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады деп жоспарланған.
Берік Дүйсенбай, шолушы:
- Әлихан Смайылов журналистерге берген сұхбатында: «Бізді ерінбеген екінің бірі сынайды», - деген еді. Отставкаға кеткен Премьер мен оның командасы сол сындарға лайық деп есептейсіз бе?
Қайсыбір аузы дуалы айтқышбектің бірі бұл Үкіметті кім басқарса да, артынан сөз ереді, басынан дау арылмайды деген еді. Сондықтан субъективті пікірден гөрі объективті фактілермен айтайық.
Қаңтар оқиғасынан кейін Үкіметтің тізгінін ұстаған Әлихан Смайылов тура 2 жыл 1 айға жуық бұл лауазымды атқарды. Былтыр наурыздағы Парламент Мәжілісінің сайлауынан кейін заңға сәйкес отставкаға бір барып келді. Сонымен еліміздің 12 Премьері және оның командасы несімен есте қалды?
Әлихан Асханұлы бастаған министрлер кабинетіне экономикадағы проблемаларды еңсеруге, Ресейге салынған халықаралық санкциялардың салқынын ескеруге тура келді. 12 Үкіметтің тұсында КТК құбыры арқылы мұнай тасымалы жиі тоқтап қалып отырды, соңғы 14 жылдағы ең жоғарғы инфляция, қант тапшылығы мен бағасының аспандауы, астық пен ұн проблемасы, Екібастұз бен Риддердегі техногендік апат салдарынан мыңдаған адамның жарық пен жылусыз қалуы сияқты оқиғалар болды. Бірақ Смайыловтың тұсында «ҚазМұнайГаз» IPO-сы, Транскаспий құбыры қайта жанданды. Германияға газ экспорты жолға қойылды. Сондай-ақ Смайылов проактивті, яғни жұрттың базына бұйымтайын күтпей, жұмыс істеуге шақырғанымен есте қалды.
23 жылғы Парламент сайлауынан кейін депутаттар алдында сөз сөйлеген Әлихан Смайылов экономиканы дамытудың басым бағыттарын атап өткен еді. Ол экономиканы әртараптандыру, ішкі нарықтағы отандық өнімдердің үлесін арттыру, қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін көбейту, өңдеуші салаға инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамыту, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту. Былтырғы жылдың негізгі экономикалық көрсеткіштеріне келсек, ол былай.
Үкімет биыл ел экономикасы кемінде 5,3% өседі деп отыр. Себебі өткен жылы бұл көрсеткіш 5,1% болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша құрылыста 13,3, саудада 11,3% өсім байқалады. Ал ақпарат және байланыс қызметтері 7,1%, көлік қызметі 6,9 және өнеркәсіп 4,3% өскен. Ендігі міндет – инфляцияны төмендету. Былтыр ол 9,8% тұрақтады. Биылғы меже – оны 6-8% деңгейінде ұстау.
Инфляция алдыңғы жылы 21% жоғары болды және ол шын сезілді де? Смайыловтың Үкіметі инфляцияны биыл 6-8% деңгейінде ұстап тұрамыз деп меже қойды, бірақ бөрікті аспанға атуға ерте. Себебі экономиканың дамуы да, тұралауы да көп жағдайда сыртқы себептермен байланысты екені – бүгінгі күннің ақиқаты.
Пандемия тудырған тоқыраудан кейін шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіріп, еңсесін тіктей бастады. Бұл - факт. Қазір елімізде 4 млн 300 мың адам осы салада жұмыс істейді. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36% асты. Кәсіпкерлікті қолдау биыл да жалғасады. Мәселен, биыл 900 млрд теңгеден астам сомаға бизнесмендердің банктік несиелері субсидияланбақ.
Сондай-ақ бизнес жүргізу едәуір жеңілдетілді. Бір ғана әкімшілік талаптардың ішінде 10 мыңнан астам басы артық кедергілер алынып тасталды.
Айта кету керек, шағын және орта бизнестегі жетістіктер – ол Үкіметтің есебі. Жоғарыда ерінбеген екінің бірі сынады деп жатырмыз ғой, оның сыртында Парламент депутаттары 12 министрлер кабинетімен талай сөзге келіп қалғанын білеміз. Ал Президенттің министрлер кабинетіне қарата айтқан ескертулері жетіп артылады. Мәселен, жолға қатысты біреуін ғана еске алып өтсек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл 11 мың шақырымнан астам жолға жөндеу жүргізіледі. Бұған 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ бізде жөндеу жұмыстары сағызша созылып кететіні жасырын емес. Әрі бұл саланы жемқорлық жайлаған. Елде жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны тіпті қолдан жасалған тапшылық деуге болады.
Әлбетте Үкіметтің жұмысын басты міндетіне қарап бағалаймыз. Ол – экономика. Ал қарапайым адам үшін экономика дегеніміз әрқайсымыздың үйлі-күйлі болуымыз, жұмысбастылығымыз бен тоңазытқыштағы ішіп-жеміміз. Жалпы алғанда экономикалық, әлеуметтік, керек десеңіз саяси дағдарыстан кейін атқарушы билік тізгінін қолға алған Әлихан Асханұлы мен оның командасы жүйелі жұмыс істеуге тырысты.
Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері кетті. Проблемалар мен міндеттер қалды. Бір ауыз сөзге сыйғызып айтсақ, орнықты экономиканы құру арқылы 2029 жылға дейін елдің еңсесін тіктеу – басты мұрат. Келесі министрлер кабинетінен осыны күтеміз.