Жаңа Үкіметке қандай міндеттер жүктелді?
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз»
Мағынасы Һәкім Абайдың осы бір өлең жолдарына саятын экономикалық саясаттағы кемшіліктер тізбеленіп айтылды бүгін. Президент қайта жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі қордаланған жүйелі проблемаларды еңсеріп, дамуға серпін беруге тиіс 10 бағытты белгілеп берді. Уақыт тығыз, шаруа шаш етектен.
Президент айтқан он бағыттың ішінде энергетика, экономиканың жетекші салалары мен цифрландыру және инвестиция тарту да бар. Бұл бағыттар бойынша не істелуі керек?
Мәселен, 50 млн доллардан артық қаржы салатын инвесторға «Бір терезе» қағидасын қолдану керек. Бұл бюрократиялық кедергілерге тосқауыл. Жалпы жаңа экономикалық саясатты сәтті жүргізу үшін либералдық көзқарас пен жаңа тетіктерден тартынбау шарт. Абайлап, Абайшылап айтқанда:
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
10 міндет бар, көнсеңіз» деуге болады.
Сонымен Президент әңгіменің әлқиссасын негізгі міндеттен бастады. Ол — 2029 жылға қарай экономика көлемін екі еселеп, 450 млрд долларға жеткізу. Бірақ халыққа макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі қазіргі ішіп-жемі, төлейтін несиесі мен тұрмысының түзу болғаны маңызды. Ол үшін сапалы даму керек. Ал сапалы дамуға инвестиция керек. 2023 жылы еліміздің экономикасына келген тікелей инвестициялар 18 трлн теңге болған. Оның ішінде 1,4 млрд доллар өндіріске бағытталса, 2,2 млрд доллар шамасында қаражат агроөнеркәсіп кешеніне, 1 млрд долларға жуық энергетика саласына бағытталған. Жиыны өткен жылдың 10 айында 11 млрд доллар инвестиция шикізаттық емес секторға салынған.
Әдетте біз инвестиция туралы айтқанда көз алдымызға АҚШ пен Еуропа және Қытай келеді. Ал Президент бүгін ішкі инвесторларға баса мән берілуі тиіс деді. Оларға қолайлы экожүйе қалыптастырылуы шарт. «Ірі көлемде, яғни 50 млн доллардан асатын сомада капитал құйғандардың барлық рәсім жоралғыларын бір терезеден атқарып жіберу керек. Бұның сыртында елімізден бармақ басты, көз қыстымен шет асып кеткен миллиардтарды ел игілігіне жұмсауды мақсат ету керек», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, шаш ал десе, бас алып, асыра сілтемеу керек.
Қалың қазақты толғандыратын түйткіл — ауылдың жайы. Ауыл шаруашылығының асығы алшысынан түсіп тұр деп айта алмаймыз, бірақ «200 млн халқы бар нарықты азық-түлікпен «әшейін» қамтамасыз ететін әлеует бар» деп жүр ғой сарапшылар. Тас көтеріп тау қопаратын емес, ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігін ақырын жүріп анық баса отырып, 2 еселеуге әбден болады.
Ол үшін көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10%-ті жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады. 10 міндеттің біреуі осы.
Тағы бір стратегиялық сала. Энергетика. Басқасын былай қойғанда Екібастұздағы бірінші МАЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты. Енді уақыт пен халық күтпейді және кешірмейді.
Биылдың өзінде қуат тапшылығын еңсеру үшін 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзін табу керек. Алдағы 6 жылда 6 гигаваттық тапшылық келе жатыр. Қазір қамданбасақ қапы қалатынымыз анық. Оны қойшы, дәл қазіргі күні 19 жылу орталығы апатты жағдайда. Биылдан бастап бетін бері қаратпаса, ентігіп тұрған энергетика титықтап қалуы ғажап емес. Үкімет ендігі ісіміз энергетикамен болады деп отыр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
-Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуы тиіс. Қызыл аймақтағы 19 жылу электр стансасынан бөлек жылу желілерінің тозуы түйткілі және бар. Ендігі мәселе жүйелі түрде оларды жаңғырту. Әрине әр станцияның өз жағдайы мен ерекшелігіне қарай жоспары бар. Тарифті инвестицияға алмастыру тетігі бар. Жекеменшік стансалар болса, біз оған араласа алмаймыз. Барлығы бір уақытта қайта түлеп шыға келмейді, бірақ 5 жылға дейін бұл мәселе түбегейлі шешілуі тиіс.
Жылу энергетика секторында бұл мәселе неге қалыптасып отыр. 30 жыл бойы электр станциялары мен жылу желілері қажеттті деңгейде жаңартылған жоқ. Жүйелі мәселенің жүйелі себебі бар – ол тариф.
Талғат Темірханов, Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы:
-Тарифтің 60%-ке дейінгі бөлігін отын мен жалақы құрайды. Енді жалақыны көтеру керек болған кезде әрине тарифке жүгінуге мәжбүр боламыз. Әрине тарифтің деңгейі өсуі керек. Кем дегенде инфляция деңгейіне дейін өсу керек. Тарифті инвестицияға айырбастау жобасының екінші бөлігі. Мемлекет басшысы сол жобаны орындау керек екендігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы айтып кеткендей бізде тарифте кіріс болмағаннан кейін бұл инвестицияның келуіне үлкен тежегіш болып тұр.
Мемлекет басшысы баса мән берген стратегиялық салалардың бірі — құрылыс. Бұл бағытта мемлекеттік экспертизаны мемлекетке қайтару мәселесі қазір жиі көтеріліп жүр. Бірақ құрылыс саласын мемлекет меншіктеп алмауы тиіс. «Заңсыз құрылыс, сапасыз құрылыс, үлескерлерді үптеп кету, т.б көптеген келеңсіздіктерден азаматтар көп жапа шегеді. Үкімет жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы тиіс», - деп шегеледі Президент.
Тағы бір басым бағыт индустрияландыру, өнеркәсіптегі отандық үлесті арттыру. Озық технологияны енгізу. Цифрлық игіліктерді, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға бағдар берілді. Цифрландырудың не сиқыры бар? Жемқорлықпен күрес, бюрократия, т.б түйткілдердің түйінін тарқататын бір тетік болса сол — цифрландыру. Хош сонымен 10 міндеттің стратегиялық тұрғыдан алғандағы бағыттары осы. «Олар міндетті түрде орындалады»,— деді Премьер.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Құрметті, Президент мырза! Сіз берген ауқымды тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалатын болады. Жаңартылған Үкіметтің құрамы оған дайын. Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне көбірек назар аударамыз. Нақты іспен айналысамыз. «Нәтиже болады» деп уәде беремін!
Жаңа Үкіметке қойылған жаңа міндеттер әлі бірнеше тақырыпқа арқау болатыны анық.
Энергетика, өндіріс, жол мен су,
Көлік пен бюджет, цифрландыру,
Бизнесті қолдау тағы бар
Жоспарыңды танып ал.
Он міндетің іске асса
Бұл қазақтың бағы бар
Осыны еске салып ал.
Сенен үміт күтіп ек
Үдеден шық Үкімет дейміз.
Авторы: Берік Дүйсенбай