Президент Семей орманын қалпына келтіру жөніндегі бастаманы қолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласы төңірегіндегі өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру жөніндегі жергілікті тұрғындардың бастамасын қолдады.
Бұл туралы Президент кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.
Абай облысында өткен жазда отқа оранған Бородулиха ауданын көгалдандыру қолға алынды. Оған мыңға жуық адам қатысты. Мәселен, тек қана Воскресеновка ауылы маңындағы орман алқабын жасылдандыруға бір ұжымнан 100 тарта адам келген.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы өңірде 50 мың көшет егілді. Келесі жылға дейін «Семей орманы» резерватында 119 млн жас қарағай егу жоспарланған.