Алматыда ҰҚШҰ елдерінің модельдік заңдары талқыланды
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес – Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығында стратегиялық басым бағыттардың бірі болмақ.
Бұл туралы ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Мәжіліс спикері мәлімдеді. Ерлан Қошанов Қазақстанның заңсыз есірткі айналымы, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі төраға ретінде алған міндеттемелерін қалай орындайтынын айтты.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар климаттық өзгерістер мен олардың салдарымен күресті талқылады. Парламент басшылары әлемдегі геосаяси жағдайға да тоқталды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Біз бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ісінде Ұйымымыздың әлеуетін дамытуға баса назар аудардық. Қазақстан Президенті – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжат қажетті модельдік заңдар мен ұсыныстарды әзірлеу үшін біздің Парламенттеріміздің де үйлесімді іс-әрекетін қамтиды.