Қазақстан ұлттық құрамасы Дэвис кубогіне дайын
Бұл жайында баспасөз мәслихаты барысында команда капитаны Юрий Щукин айтты. Іріктеу кезеңінде біздің жігіттер Нидерланд құрамасымен кездеседі. Жеребе қорытындысы бойынша алғашқы болып Михаил Кукушкин мен Робин Хасе шығады.
Былтыр күзде Ұлыбританияға ұтылып, үлкен жарыстан шығып қалған ұлттық құрама жігіттері биыл намысты қолдан бермеуге тырыспақ. Дэвис кубогінің ақтық кезеңіне өту үшін спортшыларымыз Нидерланд командасын тізе бүктірулері тиіс. «Бұл қолдан келеді», – деп сенеді жанкүйерлер. Себебі жігіттеріміз былтыр Мадридте қызғалдақтар елінің өкілдерін сан соқтырған.
Юрий Щукин, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:
- Біз бұл құрамаға қарсы ойнағанбыз. Кездесу «оңай болды» деп айта алмаймын. Нидерланд командасы бірінші ойынға құрамын өзгертті. Бұл жаңашылдықты күткен болатынбыз. Сондықтан біз сақадай саймыз деп айта аламын.
Іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде бірінші болып кортқа Михаил Кукушкин мен Робин Хасе шығады. Жеребе солай түсті. Нидерланд құрамасының үздігі былтыр Александр Бубликтен айласын асырған еді. Енді биыл Бублик әлемдік рейтингте 198-орында тұрған Таллон Грикспурға қарсы ойнайды.
Александр Бублик, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Қарсылас жайлы ойлағым келмейді. Өз ойыныма асқан жауапкершілікпен шығамын. Кездесуімді жеңіспен аяқтап, команданы алға жетелегім келеді. Барлығы сәтті өтеді деген ойдамын.
Енді қараша айында Мадридте өтетін Дэвис кубогіне жолдама наурыздың 6-7 күндері сарапқа салынады. Жеңіске жеткен команда әлемнің үздік 18 елінің теннисшілерімен ойнайтын болады.
Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин