Конституция күні қарсаңында қостанайлық спортшыларға пәтер кілті табыс етілді
Олардың әрқайсысына облыс орталығында жаңадан салынған үйден бір бөлмелі пәтерден үлестірілді.
Әлемдік додада Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқыбаев, Гаип Данияров стол теннисінен командалық есепте жүлделі үшінші орынды иеленген еді. Ел абыройын асқақтатқан қостанайлық спортшыларға құрмет көрсетіліп, пәтер кілті табысталды. Олардың үшеуі де – есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп түлектері. Сол балғын шақтан ракеткаларын қолдарынан тастаған емес.
Серік Данияров, есту қабілеті төмен спортшылардың стол теннисінен аға жаттықтырушысы:
- Қазір олар еңбек сіңірген спорт шеберлері. Техникалық, тактикалық жағынан ешкімнен кем түспейді. Әлем чемпионаттарында Азия ойындарында жүлделі орындардан көрініп жүр.
Салтанатты шарадан соң Қанат Қоңқыбаев бірден жаңа баспанасын көруге бет алды. Осыған дейін оның отбасы бірнеше жыл жатақханада тұрып, кейін пәтер жалдаған.
Қанат Қоңқыбаев, ХХIII сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері:
- Мемлекетке айтар алғысымыз шексіз. Еңбекақымыз уақытылы беріледі, оған сыйақы аламыз.
Ольга Қоңқыбаева, зайыбы:
- Баспаналы болып жатырмыз, өте ризамыз. Ең бастысы денсаулық болсын, қалғанының бәрі өз қолымызда.
Қазіргі кезде өңірде 280 мыңнан астам адам бұқаралық спортпен айналысады. Онда алты мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға арнайы жаттығу клубы ашылған.
Сергей Богаченко, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл клубта есту, көру қабілеті төмен адамдар спорттың 12 түрімен айналысады. Солардың ішінде стол теннисі, шаңғы тебу, баскетбол, нысана ату, арбадағы спорт биі жақсы дамыған.
Облыста бұқаралық спортты өркендетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл өңірде шаңғы базасы, мұз айдыны сарайы, бассейн және екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров