БҚО-да жас мамандардың дені жаттықтырушы болуға құлықсыз
Себебі бапкерлердің жалақысы педагогтармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 спорт мектебі бар. Онда 600-ге жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Еңбек шартына сәйкес жұмысқа жаңадан қабылданған маман алғашында өте төмен жалақы алады. Кейінгі табысы шәкірттерінің жетістігіне байланысты. Биыл спорт саласында қызметкерлер саны қысқартылып, үнемделген қаражат жалақыны ұлғайтуға бағытталған еді. Алайда қаржылық қиындық туындаған.
Қаймен Есендияров, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Жыл басынан бастап жаттықтырушылардың жалақысы 25% артқан болатын, алайда күні бүгінге дейін жергілікті бюджетте қаражат тапшылығына байланысты бапкерлеріміз үстемақысын уақытында ала алмай келді. Желтоқсан айында республикалық бюджеттен трансферт арқылы қаражат бөлініп, бапкерлерімізді қуанышқа бөлейміз бе деп күтіп отырмыз.
Дәулет Ниетжан, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:
- Балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Сол себепті осы саланы таңдадым десем де болады. Чемпион дайындау үшін біраз уақыт кетеді. Содан кейін барып жалақы көбейеді.