Қазақстандық шаңғышы Николай Чеботько жол апатынан қаза тапты
Бурабай курорттық аймағында еліміздің еңбек сіңірген спортшысы Николай Чеботько жол апатынан көз жұмды. Бұл қаза тек елдегі шаңғы спорты үшін ғана емес, күллі қазақстандықтың қабырғасын қайыстырған оқиға болды. 38 жастағы Николай Чеботько ауыр жарақаттарының салдарынан апат орнында тіл тартпай кетті.
Қайғылы оқиға жексенбінің түнінде болған. Балық аулаудан қайтып бара жатқан Николай Чеботько досы екеуі кенеттен ағашқа соғылып, жол апатына ұшырайды. Ауыр жарақат алған спортшы оқиға орнында көз жұмды.
Гүлнәр Пинчук, Ақмола облысы ПД баспаөз қызметінің жетекшісі:
- 24 қаңтарда сағат 01:20-да Бурабай курорттық аймағында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Полиция қызметкерлерімен Көкшетау – Бурабай тасжолының 8-ші км-де Mercedes-Benz автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, ағашпен соқтығысуға жол бергені анықталды. Осы көліктің 1984 жылы туған жолаушысы жабық бас ми жарақаты, дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Аман қалған жолдасының айтуынша, көлік тізгіндеген Николай Чеботько қолғабын киемін деп рөлге ие бола алмай қалған. Қазір спортшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы Николай Чеботько төрт рет Олипиадаға, жеті рет Әлем чемпионатына қатысқан. Мансабындағы ең жарқын жеңістердің бірі 2013 жылғы жаһан жарысында болған. Италияның Валь-ди-Фьемме алқабында Николай Чеботько Алексей Полторанин екеуі командалық спринтте қола жүлде иегері атанған.
Дмитрий Губерниев, спорт комментаторы:
- Мен Николай Чеботько қатысқан көптеген жарысты жүргізгенмін. Әрдайым мықты спортшы екенін дәлелдейтін. Командалық жеңіс үшін аянбай тер төгетін. Әлем кубогінің жеңімпазы атану, Әлем чемпионатында қола медальді жеңіп алу – Қазақстан спорты үшін үлкен жетістік. Осындай дарынды, талантты спортшыдан айырылу өте ауыр. Мен Николай Чеботьконың жақындары мен қазақстандық жанкүйерлерге қайғыра көңіл айтамын.
Болған оқиғаға Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы да әлі сенер емес. Николай Чеботьконың бұл спорттағы әріптесі әрі досы Марк Старостин: «Ардагер шаңғышыны тек жақсы қырынан таныдым», – дейді. Екеуі көп жыл бойы әлемдік жарыстарда ел намысын бірге қорғаған.
Марк Старостин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Мен өзімнің жақын досымнан айырылдым. Талай жарыста бірге өнер көрсеттік. Оқу-жаттығу жиындарында бір бөлмеде де тұрдық. Ол кішіпейіл, ақкөңіл адам болатын. Мен осындай дарынды спортшымен бірге өнер көрсеткеніме өту қуаныштымын. Әрине, бұл қаза барлығымыздың да қабырғамызды қайыстырды.
Айта кету керек, Николай Чеботьконың балалар мен жасөспірімдер спортына да қосқан үлесі орасан зор. Ол өзінің кәсіби мансабын 2019 жылы аяқтап, өскелең ұрпақтың шаңғы спортында толағай жетістікке жетуі жолында еңбек етті. Жыл сайын өзінің туған қаласы Щучинскіде балалар арасында жарыстарды ұйымдастыруға атсалысып келген.
Самал Наурызова, «ҚР Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ҚБ баспасөз хатшысы:
- Біз оның кәсіби мансабын аяқтағанын қаламадық. Федерация басшылығы оның командада қалуын сұраған. Бірақ Николай жастарға жол беру керек, олар да тәжірибе жинаулары қажет екенін айтты. Щучинск қаласында жыл сайын ұйымдастырған жарыстары осы жастардың үлкен спортқа қадам жасауына зор септігін тигізді. Қазір жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаттарын қарайтын болсаңыздар, Қазақстанның атынан сайысқа түсіп жатқан спортшылардың дені – Николай Чеботьконың жарысына қатысқан шаңғышылар.
Қаза тапқан Николай Чеботьконың артында ұлы мен қызы қалды. Ал даңқты спортшымен қоштасу рәсімі оның туған қаласы Щучинскіде қаңтардың 26-сы өтетін болады.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков