Хабар телеарнасы

Жігері жасымаған жігіт – атыраулық спортшы Ержан Сәлімгереев

Ол суда жүзуден Қазақстан чемпионы, әлем кубогының төрт дүркін иегері, екі дүркін Азия пара ойындарының жеңімпазы. 9 жасар ойын баласы ойнап жүріп абайсызда 3 мың вольттық электр тогына соғылған. Соның салдарынан бір қол, бір аяғы кесілді.

Алайда қайсар бозбала басына түскен қиындықтарға мойымай, спортқа бет бұрады. Бүгінде ол пара ойыншылар арасында әлем таныған саңлақ спортшы. 2016 жылы Ержан түрлі қашықтықта жүзуде Қазақстан рекордын 3 мәрте жаңартты. Атыраулық жігіттің ендігі мақсаты – Олимпиада ойындарында топ жару. Қазір ол АҚШ-та өтетін әлем кубогын сарапқа салатын сайысқа дайындық үстінде.

Ержан Сәлімгереев, пара спортшы:
- Жан-жақтан барлығы қолдау көрсетіп жатқанда мен неге артқа шегінуім керек. Керісінше сол кісілердің сөздері маған күш-жігер береді. Еліміздің абыройын асқақтатып жүргеніме қуаныштымын. Жігіттерге де айтарым, еліміздің еңсесі тік болуы үшін бәріміз өз қолымыздан келгенінше күш-жігерімізді аямай, осылай еңбектенуміз керек.