Ат спортының Конкур түрінен Қазақстан кубогы алғаш рет сарапқа салынды
Оған 50-ден аса үміткер қатысты. 100 см кедергілерден секіру бойынша Екатерина Орловская тізгіндеген «Дегбир» жануары бас жүлдені еншілесе, 120 см кедергілерден Шыңғыс Шалқарұлы мінген «ГарАхан» алдына қара салмады. Ал 130 см кедергілерден сүрінбей өткен «Камелот» есімді қарагердің шабандозы Ержан Мағжаевқа бас жүлде бұйырды. Аталмыш жарыста үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар мен сәйгүліктер ұлттық құрама сапына алынып, Ташкентте өтетін әлем кубогының кезеңіне жолдама алды. Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың ең жас қатысушысы Нұрила Тұрысбекова «КЛИНтаро» есімді сәйгүлікпен үздіктер қатарынан көрінді.
Нұрила Тұрысбекова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Мен 19 жастамын. Ат спортымен айналысамын. Атқа мініп жүргеніме 6 жыл болды. Бұл – карантиннен кейінгі алғашқы жарыс. Өзімнің сәйгүлігіммен жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Нәтижесінде ІІ орын алдық.