Елордада бәйге түрлерінен «Елбасы кубогы» сарапқа салынды
Жарыс «Қазанат» ипподромында өтті. Турнир бағдарламасы 4 кезеңнен тұрды: 9, 16, 23 және 25 шақырым. Ұзақтығы 25 шақырымға ұласқан Аламан бәйгеде Алматы облысы Қарасай ауданының «Мамай қара» сәйгүлігі топ жарды. Шабандоздың есімі – Байқан Асанқұлов. Ол тұлпарымен 13 айналым бойы топ арасында көрінбей, соңғы кезеңде қара үзіп алға шықты. Ат иесіне 4 млн теңге табысталды.
Екінші орын Әулиета өңірінен келген «Сармат» атты тұлпарда. Үшінші және төртінші болып мәреге Батыс Қазақстан мен Алматы облысының тұлпарлары келді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 25 млн теңгені құрады. Аламан жарысқа елдің барлық өңірінен 40 сәйгүлік қатысты.