Қазақстандық спортшылар 23 шілде Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды
Бұл жолғы дүбірлі додаға Қазақстан спорттың 27 түрінен 96 лицензия жеңіп алған. 16 шілдеде спортшыларымыздың алғашқы легі «Күншығыс еліне» аттанады.
Бұл жолғы олимпиаданың өткізілу уақытымен қатар, оған дайындалу тәртібіне де өзіндік өзгерістер енгізілді. Міне, он күннен бері спортшылар жарыс алдында оқшаулану талабын орындап жатыр. Бөтен адамдармен жүздесіп қарым-қатынас жасауға рұқсат жоқ. Жаттығуды да осы карантиндік орында жасайды.
Жалпы Олимпиада ойындарының кейінге шегерілуі алғашқы рет емес. Тарихқа көз жүргітсек, дүниежүзілік соғыс уақытында спорт бәсекесі өтпеген. Ол 1916, 1940 және 1944 жылдары. Былтыр коронавирус төрт жыл бойы дайындалған жоспарды өзгертті.
Елдос Сметов, дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Олимпиадаға дайындығым өте жоғары дейгейде өтіп жатыр. Мен үшін бұл екінші олимпиада болғаннан кейін өзінің қиыншылығын беріп жатыр. Біздің олимпиадалық цикл арасындағы 4 жыл болатын болса, қазіргі олимпиада арасы 5 жылға созылып кетті. Бір жыл пандемия өзінің кері әсерін тигізіп жатыр. Оған қарамастан біз еңбек етіп, алдымызға қойған мақсатымыз бар, соған өзіміздің бойымыздағы күш-жігерімізді жинап, алдымыздағы мақсатымызға қол жету үшін еңбек етіп жатырмыз.
Біздің спортшыларымыз байрақты бәсекеден жүлдесіз оралған емес. Тәуелсіздік алғаннан бері жазғы олимпиада ойындарына Қазақстан атынан алты рет спортшы жіберілді. 16 жеңімпаз, 56 жүлдегер шықты.
Спортшыларымыз үнемі жүлдемен оралатын спорт түрі – бокс. Бұл жолы да осы жұдырықтасудың хас шеберлеріне үлкен сенім артылып отыр.
Қамшыбек Қоңқабаев, Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны:
- Бұйырса енді олимпиада ойындарында барлық команданың бағы мен бабы қатар шауып, жақсы нәтиже көрсетуіне бар күш-жігерімізді саламыз. Басты қарсылас дегенде бұл жерде менен бөлек 15 боксшы болады. Оның әрқайсысы қауіпті. Енді бокс дамыған мемлекеттердің барлығы – жақсы қарсылас.
Сонымен Қазақстан Олимпиадалық құрамасы Токио төрінде спорттың 27 түрінен бақ сынайды. Ел намысын қорғайтын 95 отандық атлеттің 63-і ер және 32-ісі әйел спортшы. Ең жас спортшы 19 жаста. Ол – көркем гимнастика бойынша өнер көрсететін Алина Әділханова. 22 жастағы Милад Карими болса көпсайыс, еркін жаттығу, қол тіреп секіру сынды жеті түрлі жарысқа қатысады. 23 шілде күні дәстүр бойынша Олимпиада ойындарын дзюдо, таеквондо және ауыр атлетика сынды спорт түрлері бастап береді. Боксшыларымыз 24-інен бастап шаршы алаңға шығады. Велотрек пен еркін күрес жарыстары тамыздың 1-2-сі күндері басталады. Олимпиада 8 тамызда аяқталады.