Елорда кубогы. Ала-құла аламан
Қазір европадағыдай спорт жарыстарына ақша тігіп, ойынқұмарлық жолмен тез байып кетемін деген қате түсінік бел алып барады. Зардабын ата-ана, бала-шаға тартып жатыр. Алдымен сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық код діл менталитетіне жүгінген парыз. Шетелде осындай бар екен деп бәрін де талғамсыз көшіріп ала беру қателік. Әрине, ғаламдық қаржылық тормен шырмалған букмекерлік бизнеске тосқауыл қою қиын. Десек те, тәрбие тал бесіктен дегендей ұлттық ұғым мен санаға жүгінсек, құндылықтарымызды қорғай аламыз.
Елорданың 25 жылдығына арналған мереке Астанадағы атшабар алаңында да тойланып жатыр. Құнан, топ, жорға және аламандар жарысқа түседі. Жүлде қоры қомақты, құнанның бас жүлдесі – 2,5 млн болса, топ бәйгенің бас жүлдесі – 4 млн, жорғаға – 2 млн, ал аламанның бас жүлдесіне – 5,5 млн теңге тігіліп отыр.
Елорда кубогынан үмітті атбегілер көп болса, соның 100-ден астамы осы аламанға арнайы келді. «Бұйырғанын көреміз» деп алаңсыз жүргендер аз, бәрі сәйгүліктерімен сырласып, соңғы дайындықтарын пысықтап жүр. Соның бірі – атбегі Серік Қазыбеков. Атақты «Ботагөзін» баптап келіпті. Бәйгеден жүлдесіз қайтпайтын жүйрік, бұл жолы да барын салатындай көрінді.
Серік Қазыбеков, атбегі:
- Ботакөз былтыр осы Елорда кубогында топ бәйгеде 3-орын алған. 3-4 бәйгенің жеңімпазы болды биыл. Шымкентте өткен чемпионатта аламаннан 2-болды. Ақтөбеде болған чемпионатта топ бәйгеде 1-орын. Енді осы елордаға бағымызды сынауға келіп тұрмыз.
Әуелі жарыс алаңына құнандар шықты. Желмен жарысқан жүйріктер бір орында тұрмай, шабыс тілейді. Төрешілер шап деген белгі бергенде, айнала шаңға бөкті. 7 шақырымға шақталған шабыста «Шұғыла» шашасына шаң жұқтырмады. Ізін ала топ бәйгенің де жүйріктері бақ сынасты. 15 шақырымдық межені бірінші болып Абзал Тұрмыс тақтымдаған «Маймақ» кесті. Жас шабандоз шын қуанды, оны жас іркілген жанарынан аңғаруға болар еді. Осылайша Абзал «үздік жокей» болам деген арманына да бір табан жақындай түсті...
Абзал Тұрмыс, шабандоз:
- Арманым үздік жокей болу...
Ал алда аламан бәйге. Нағыз арғымақтың көсіле шабатын, атбегілер тақым қысатын сәт. Аламан бәйгеге қатысатын сәйгүліктер жарыс алаңына шығуға дайын. Ұйымдастырушылардың айтуынша 29 тұлпар тіркелген, 22 шақырымға шабады, 12 айналады. Былтыр дәл осы Елорда кубогын қарағандылық «Қамбар» атты сәйгүлік ұтып алған болатын. Ал биылғы жеңімпаз кім болады? Санаулы минуттардан кейін білеміз. Біз жаңа ғана сөз қылған «Ботакөз» осы жүйріктердің арасында.
Нарқызыл, Хан, Гәкку, Бақкүрең, Нұрқасқа... Көк ат кетті, ізін алып көп ат кетті. Көк ат дегеніміз «Волчок», әдепкі әдеті осы тұлпардың, топтың алдында өзгелерден дараланып шабады. Ат сыншылары Волчоктың талмай шабатын қасиетін біліп, бәйге бітпей жүлде алады деп тон пішті. Ал кейбірі «жеңімпаз – екінші топта» деп болжам айтты.
«Волчок» мінезді жылқы екен, біразға дейін беріспеді. Бірақ күш атасын танымас, «Хан» қапы қалдырды. «Волчок» – үшінші орынды місе тұтты. Екінші – «Бақкүрең», бірінші – алматылық «Хан». Ділнұр Нұрмұқаш тақымдаған тұлпар, Елорда кубогының жеңімпазы. Айтпақшы «Ботакөз» жүлделі бесінші орыннан көрінді. Бап шаба ма, бақ шаба ма деген осы.
Ділнұр Нұрмұқаш, шабандоз:
- Аттар арғы күні суытқанда да жақсы жүрген болатын. Мұрат ағам «топта ұстап отыр, асықпа» деді. Асықпай отырып, отырып келдім да, соңғы екі айналым қалғанда бір-ақ шықтым.
Мұрат Досбергенов, атбегі:
- Топта ұстап отыр дедік, асықпа дедік. Соңғы айналымға кеткенде «алдыңдағы көк аттан қалма» дедік. Соның жанында отырды. Көк ат өзі болмай қалды ғой соңғы айналымда, содан кейін қарагер өзі шығып кетті.
Дәл осы бәйгені кейбір атбегілер сырттай тамашалаумен шектелді. Себебі 22 шақырым қолтума жылқыларға қол емес. Оларға кемі 30 шақырымдық бәйге керек. Көсіле шабуға. Атбегілер бүгінгі біздің бәйгенің барысын айыптап жүр. Айтулыраныша, ортақ ереже жоқ, ала-құла.
Ертілеу Сатыбалды, атбегі:
- Мысалы Еуропа елдерінде осыдан 300-350 жыл бұрын қалаптасқан шақырыммен бүгінгі күнге дейін келе жатыр. Яғни мынау жарыс кезіндегі нәтижелерін қандай жағдайда болсын, қадағалап отыруға мүмкіншілік бар. Ал бізде өкінішке орай ыңғайымызға қарап, ереже бекітілгенімен өзгертіле береді.
Ертілеу Сатыбалды тыз етпе бәйгеден гөрі, аттарды алысқа жіберген дұрыс дейді. Себебі қазақы жылқылар өзгелерге қарағанда әлдеқайда шыдамды. Оған күні кеше болған 140 шақырымдық бәйге дәлел.
Ертілеу Сатыбалды, атбегі:
- Көріп отырмыз, неғұрлым қысқа қашықтықта жарақат алады дағы, ұзақ қашықтықта жарақат алу жоқ десе де болады.
Бірақ бұл пікірмен бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев келіспейді. Оның айтуынша ұзақ шабыс аттардың денсаулығына кері әсірін тигізуі мүмкін.
Қанат Көпбаев, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті:
- 18 шақырымнан бастадық, аламан бәйгені алсақ ол кезде аттар қыстан шығады, ат дайын емес. 25 шақырым қойсаң ат қырылып қалады. Біз акураротно 18 шақырымнан бастап көктемде жылжытып-жылжытып сентябрге қарай, августте 25-ке келеді. Аттар дайын, ат өлмейді, ат қырылмайды. Аттың денсаулығы маңызды.
Батыстағы атбегі Сәтқали Байзуллиннің базынасы бізге жетті. Күзде Астанаға арнайы келіп, бәйгенің ортақ ережесін бекітіп кеткен. Сол уағдаластық ұзаққа созылған жоқ.
Сәтқали Байзуллин, БҚО «Бәйге» федерациясының президенті:
- Былтыр күзде барып, жиналысқа қатыстық. Жиналыста нақты атбегілердің жанайқайын жеткізіп 30 км деп бекіттік, бүгінгі таңда бірақ 22 км шектеліп тұр. Басшылар ескеріп 22 км ары қарай созады деген үміттеміз.
Бәйге Батыста да бар. Мәселен құрама шаттарда 150 жылдан бері бір ережемен ұшқыр бәйге өтіп келеді. Нәтиже, үздіктер, рекордтар бәрі тайға таңба басқандай жазулы. Ал бізде жылдың үздігі қай тұлпар дегенде мүдіріп қаламыз. Себебі, түрлі қашықтық, түрлі жеңімпаз. Тіпті, бәйгенің үздігін біз бүгінде букмекерлік компаниялар арқылы ғана танитын болғанбыз. Букмекерлік компания бәйгеге былтыр қосылған. Олар бәс тігу арқылы, бәйгеге қаржылай қолдау көрсетпек. Бірақ атбегілердің өз арасында пікір қаққа жарылды. Бірі – бәс тігу керек десе, енді бірі – дәстүрлі спортқа оларды араластырмау қажет деп отыр.
Ертілеу Сатыбалды, атбегі:
- Қазақстанға келіп, бәйге спортын көтереміз деп жанашыр сияқты болып көрінгенмен, өздеріңізге белгілі, біздің жастар оңай олжа табайын, оңай ақша табайын деп соңғы ақшаларын салып, болмаса үйлерінен ұрлап алып шығып, осы ставка дейді ғой, соған салып қаншама ұрыс, даулар болып жатыр. Ол бізге – қазаққа тән қасиет емес.
Бұл ретте бас федерацияның уәжі басым. Қанат Көпбаев қолдау көптік етпейтінін айтады, яғни букмекерлік компаниялардың бәйгеге араласуына федерация қарсы емес. Себебі, мемлекеттен қолдау жоқ.
Қанат Көпбаев, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті:
- Бізге ең керегі не? Бізге қолдау керек. Дүниежүзін қарасаңыз бәйге түрлері тек ветинг, Франция, Англия. Ол жағынан агрессиясын шашқан жарнаманы алып тастау керек. Сосын бәс тігетіндер тіге береді. Біз 5 жылға контракты жасадық. Мемлекеттен бір тиын алмаймыз. Атбегілердің бәрі оған қуанып жатыр. 5 жылдың ішінде біз қалай дамитынын көреміз.
Қазақтың тұмары болған ат жарысы, жастардың құмарына айналып кетпей ме? Кейбір атбегілерді алаңдататыны да осы. Ортақ ереженің жоқтығы секілді, бұл мәселе бойынша да ортақ мәміле жоқ. Ал дәл осы дәстүрлі спорт түрінде бір байлам керек. Себебі, Сағынайдың асында оза шапқан Құлагердің тұяғын басқан тұлпарларды баптау үшін де ең әуелі атбегілердің ауызбірлігі керек секілді...
Сәкен Сейтіханұлы, Болатбек Табылдиев «7 күн»