Ризабектің жеңісі — тарихи жетістік
Алыс шет мемлекетте жұмыс сапарымен жүрсе де Президентіміз елдің жетістігіне қуанып, телеграмм каналға жазды. Өткен түнде қазақ еліне Сербиядан қуанышты хабар жеткен. Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құраманың балуаны Ризабек Айтмұхан топ жарып, еркін күрестен алғашқы алтынды қоржынға салды. 19 жастағы чемпионды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, мұның тарихи жетістік екенін атап өтті. Әрі жас ұрпақтың спортқа деген құлшынысын арттыруға сеп болатынына сенім білдірді. Бұл – аталған спорт түрінен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш жеңісіміз. Ал жаңа жұлдыз жайлы не білеміз?
Ризабектің бұл жеңісі — тарихи жетістік. Ақтық сында Әзербайжан спортшысы Осман Нурмагомедовтен 0:2 есебімен жеңіліп жатқан оғланымыз соңғы секундтарда 5:2 есебімен жеңіске жетіп, бабы мен бағы қатар шапты. Осылайша бұл чемпионаттағы Қазақстан құрамасының 18-ші медалі алтыннан бұйырды. Ал Ризабек болса, Тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатында еркін күрестен жеңіске жеткен тұңғыш әрі ең жас балуан атанды.
Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:
-Менің алдыңғы мақсаттарым осы Құдай қаласа олимпиадалық салмаққа ауысу. Ауысып қана қоймай, осы олимпиада ойындарына лицензия алып, олимпиада чемпоны болу, менің ең басты жоспарым, ең басты арманым.
Ризабек Айтмұхан 2004 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында дүниеге келген. Қызылту атты балуандар ауылының тумасы. Спортқа 10 жасынан бастап келген ол, 2018-2019 жылдары Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінде тәлім алса, кейіннен оқуын Алматыда жалғастырған. Жаттықтырушылары, оның жеңіске деген құштарлығы күшті болғанын айтады.
Роллан Кешубаев, еркін күрестен жаттықтырушы:
-Енді бұл 2020 жылы келді бізге. Содан біз жұмысты бастадық. 2021 жылы бұл күміс жүлдегері болды Қазақстанның. Сол жылы ары қарай біз дайындықты жүргіздік. 2022 жылы «Ю-23» жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Содан Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Сөйтіп көк туымызды жоғары көтерген болатын.
Ал жас спортшының негізгі бапкері – әкесі. «Чемпион атанарына сенген Қанат ағай күндіз-түні ұлының жанында. Ризабектің биыл да жолы болды»,— дейді сала мамандары. Себебі осы жылы қатысқан барлық жарыста ол жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мәселен, жыл басында Алматыда өткен алтыншы Спартакиадада алтыннан алқа тағынса, көктемде Астанада ересектер арасындағы Азия чемпионатында, кейіннен Иорданиядағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Авторы: Дамир Берікұлы