XIX Азиада: екінші күміс қоржында
Қазақстандық жүзуші Диана Тасжанова ұлттық рекорд орнатып, 400 метр еркін стильде финалға шықты. Ал 200 метр қашықтықта соңғы жүзуде елімізді Ксения Игнатова таныстырады. Сонымен қатар қазақстандық теннисші Денис Евсеев Азиаданың ширек финалына шығып, үш партияның қорытындысы бойынша Қытай спортшысын жеңді. Азия ойындарында Қазақстан құрамасы екінші күміс медалін жеңіп алды. Бұған дейін дзюдошы Әбиба Әбужақынова екінші орын алған болатын. Тұғырға оқ атудан Қазақстанның ерлер командасы көтерілді. Жарыс бағдарламасының бұл түрінде елімізді Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков және Асадбек Назиркуляев таныстырды. Бірінші орынды Оңтүстік Кореядан келген спортшылар жеңіп алды. Индонезия құрамасы үшінші болды. Осылайша, қазір біздің спортшыларда 8 медаль бар.
Денис Евсеев, теннистен Қазақстан құрамасының ойыншысы:
-Мұнда ауа өте ылғалды. Сондықтан теннисте ширақ қозғалу қиынға соғып жатыр. Физикалық және психикалық тұрғыда кім мықты сол жеңеді. Әр матчқа бейімделу керек. Азия ойындарында біз ел үшін бар күш-жігерімізді салып ойнауымыз керек. Мен қолдан келгенше жеңуге тырысамын.