Хабар телеарнасы

Қазақстан Азия ойындарында төртінші алтынды жеңіп алды

Жалпы есепте 12-ші орындамыз. Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындары жалғасып жатыр және жерлестеріміз кезекті рет жеңіс тұғырына көтерілді. Қоржынымызға бір алтын мен бір қола түсті. Жарыс күні әлі аяталған жоқ. Сәйкесінше, медальдар саны артуы да мүмкін. Дәл қазір әріптесім Аслан Қаженов Ханчжоу төрінен тікелей эфирге шығып, соңғы ақпаратты бөлісуге дайын.

Аслан Қаженов, тілші: 
- Сонымен Ханчжоу төрінде кезекті жарыс аптасы басталды. Азиада ойындары бел ортасынан асты деуге болады. Біздің қоржынымыз тағы бір алтынмен толықты. Оны байдаркада ескек есу шеберлері Сергей Емельянов пен Тимур Қайдаров әкелді. Бұдан бөлек 2 күміс пен 2 қоламыз бар. Оны ерлер жекелей сында және әйелдер жұптық сында жеңіп алды. Десе де жоғарыда сөз болған алтынның орны бөлек. Ескек есу шеберлері бұл соңғысы емес деп пікірлерін білдірді. Тыңдап көрейік.

Сергей Емельянов, Азия ойындарының жеңімпазы: 
- Өте қуаныштымын. Эмоциямды сөзбен жеткізге алмаймын. Алдыңғы Азия ойындарында күміс медаль еншілеп едім. Бұл жолы алтынға қол создым. Ертең тағы да жарыс жолына шығамыз. Осы жетістікті қайталап, қалың қазақ елін тағы да қуантқым келеді.

Бұдан кейін батутты гимнастикада да қола жүлдеміз бар. Виктория Бутулина есімді спортшы жақсы өнер көрсетіп, өзінің кәсіпқой мансабындағы ең алғашқы ең жоғары жетістігіне қол жеткізді. Жарыстан кейін мынадай пікірімен бөлісті.

Виктория Бутолина, Азия ойындарының қола жүлдегері:
- Іріктеу кезеңіндегі нәтижем көңілімнен шықпады. Бірақ финалда намысқа тырысып, күрделі элементтерді таңдадым. Барлығы ойдағыдай шықты. Мен алғаш рет Азия ойындарына қатысып тұрмын. Сондықтан бұл медальдың орны ерекше. Осы жеңісімді өзімнің туыстарым мен бапкерлеріме арнағым келеді.

Әзірге ақпараттар осындай қолда бар. Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-ші орында тұр. Алда әлі бірнеше жарыс күні бар. Әсіресе каратэ шеберлері, джиу-джитсу шеберлері, күрес шеберлері, одан бөлек жеңіл атлетика мен ауыр атлетика бәсекелері өтеді. Сәйкесінше құрама қоржынындағы медальдар еселеп артады. Әсіресе алтын көп болады деген үміттеміз!