ЕURO 2024: Қазақстан құрамасы Сан-Мариномен кездеседі
Ел назары Елордада болады. Санаулы сағаттардан кейін Астана-Аренада Қазақстан футболшылары Сан-Мариномен кездеседі. Бұл ойынның біздің команда үшін маңызы қандай? Жігіттердің дайындығы қалай? Бұл туралы сараптама орталығынан Жандос Айтбайұлы кеңірек әңгімелейді.
Топтағы қарсыластардың ішіндегі тіске жұмсағы осы – Сан Марино. Оларды ерінбегендердің бәрі ұтып жүр. Біздің жігіттер де ұтуға міндетті. Өйткені 3 ұпай ауадай қажет. Дегенмен қарсыласқа шекеден қарауға болмайды. Доптың домалақ екенін есте ұстаған жөн.
Қарсыласқа құрметпен қарау керек дегенді кешегі баспасөз мәслихатында бас бапкер Магомед Адиев те айтты. Бұл кездесудің қаншалықты маңызды екенін жігіттер де жақсы біледі. Жаттығу жұмыстары ойдағыдай өтті. Көңіл күй жаман емес. «Мақсатымыз – қалай болса да үш ұпай алу»,- деді. Жарақат алған жігіттердің орны қаншалықты ойсырап тұр деген сауалға бас бапкер былайша жауап берді.
Магомед Адиев, футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Сұрағыңызға рақмет! Менің командамда жекелей лидер жоқ. Барлық футболшы лидер десем артық айтылғандық емес. Тіпті қосалқы құрамда отыратын жігіттердің де командадағы өз орындары бар. Яғни ешкімді бөліп жарғым келмейді. Біз ең бірінші кезекте командалық ауызбіршіліктің арқасында мықтымыз. Әрине, жауапты кездесулердің қарсаңында тәжірибелі ойыншылардың жарақат алғаны өкінішті. Олардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.
Бас бапкермен бірге баспасөз мәслихатына келген қақпашы Игорь Шацкий мен қорғаушы Абзал Бейсебеков те журналистер сауалына жауап берді. «Ұлттық құрамада керемет ойнайсыз, бірақ Шахтёр сапында неге шатаса бересіз?» деген сауалға Шацкий қысқа қайырды. «Ұлттық құрамада кіл мықтылар ойнайды. Мен солардан шабыт аламын. Ал клубтық деңгейде біздің команда бұл маусымда ала құла өнер көрсетті. Мүмкін содан болар», - деді.
Соққысы мығым, пас берудің һас шебері Асхат Тағыберген мен Түркия біріншілігінде жасындай жарқылдап жүрген Бақтияр Зайнутдиновтардың соңғы екі ойынға керек-ақ еді. Дегенмен енді қосалқы құрамда отырған жігіттерге бас бапкердің көзіне түсіп қалу үшін аянып қалмасы анық.
Абзал Бейсебеков, Қазақстан құрамасының ойыншысы:
- Сезонның соңы болғандықтан қатты қиын болады деп ойламаймын. Бірақ поляда қалай әсер ететінін білмейміз әлі. Соңғы екі ойын ол біз үшін екі финал. Бірақ осы уақытқа дейін әр ойынды как финал есебінде ойнап келдік.
Турнир кестесіне қарасаң, көз сүйсінеді. Қазақстан үшінші орында тұр. Қоржынымызда 15 ұпай бар. Бұрын-соңды болмаған нәтиже. Германияға баратын мүмкіндігіміз әлі де бар. Бүгін басты қарсыластарымыз Дания мен Словения Копенгагенде шеберлік байқасады. Олардан бұрын өзіміз үш ұпай алуымыз қажет.
Қазақстан мен Сан-Марино құрамалары осы уақытқа дейін жасыл алаңда 3 рет жолыққан екен, үшеуінде де біздің жігіттер басым түскен. Ең ірі есеппен Еуро 202 іріктеу аясында 2019 жылы өз алаңымызда 4:0 есебімен жеңіске жетіппіз. Қалай боларын уақыт көрсетеді. Бір білетініміз, жеңістің оңайшылықпен келмесі түсінікті. Өйткені осы Сан-Марино соңғы турда азулы Данияға кәдімгідей қарсылық көрсетті. Ендеше біздің футболшылар алғашқы минуттардан сауатты ойнап жеңіске бастар жолды жаңылмай табады деген үміттеміз.
Қазақстан мен Сан-Марино арасындағы кездесу Астана уақыты бойынша сағат 21:00 басталады. Футболшыларға сәттілік серік болсын дейміз.