Думан Бейсенаев Италияда өтетін шаңғы марафонына жол тартты
Байрақты бәсеке жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады және 5 мыңнан астам адамның басын қосады. Айтулы аламанға 40-қа жуық елдің өкілі қатысады. Араларында жалғыз қазақ жігіті бар. Ол — Думан Бейсенаев. Думан Финляндия және Эстонияда өткен додаларға да қатысып қайтқан. «Қандай жарыс болмасын бір адам қатысса да, жарыс алаңына сол елдің туы тігіледі. Менің негізгі миссиям осы»,— дейді шаңғышы. Тағы бір айта кетерлігі, ол жаттығуға және жарысқа қажетті қаржыны өз қалтасынан шығарады. Италияға сапары барысында арнайы семинардан өтіп, қысқы, оның ішінде шаңғы спортын дамыту бойынша арнайы білім алмақ. Бұған қоса, Кәрі Құрлықтың халықаралық талаптарға сай базаларын көреді. Сол жақта жергілікті спортшылармен жаттығу жасайды. Артынша жоғарыда айтқан әлемдік аламанға қатысып, жүлдеге қол созып көреді.