Бокстан Ермахан Ибраимовтың жүлдесі үшін дәстүрлі халықаралық турнир басталды
Алматы облысы Қарасай ауданында бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың жүлдесі үшін дәстүрлі халықаралық турнир басталды. Алмалыбақ ауылында керілген шаршы алаңда жастар мен жасөспірімдер жұдырықтасып жатыр. Жекпе-жектердің барлығы тартысқа толы. Өйткені бұл сынға жергілікті спортшылардан бөлек Қырғызстан мен Өзбекстан, Моңғолия мен Қытай және Тәжікстаннан да үміткерлер келіпті. 25 салмақ бойынша сынға түсіп жатқан 200-ден аса былғары қолғап шебері әзірше іріктеу кезеңінде бақ сынауда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 24 ақпанда анықталады. «Жас өрендердің шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыру үшін осындай жарыстар ауадай қажет»,— дейді Олимпиада чемпионы.
Ермахан Ибраимов, Олимпиада чемпионы:
-Олимпиаданың, әлем чемпионатының чемпиондары осы рингтен шығады. Неге десеңіздер, ең мықты бокс дамыған мемлекеттерден келіп отыр. Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай мемлекеттерінің спортшылары бәрі жақсы дамыған. Қырғызстан мемлекетінен де келіп отыр, олар да соңғы кезде жақсы өнерімен көзге түсіп жүр.