Дохада желкенді қайық спортынан халықаралық дәстүрлі жарыс өтті
Қатар астанасы Доха қаласында желкенді қайық спортынан халықаралық дәстүрлі жарыс өтті. 12 елдің спортшылары сынға түскен сайысқа Қазақстан құрамасы да қатысты. Еліміздің атынан 12 қайықшы өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Бірінші кезеңде Ұлттық команданың үздігі саналатын Карина Жанғазова көзге түсіп, RS класында екінші болып мәре сызығын қиды. Қазақстандық спортшы екінші кезеңде үздік үштіктен көрінді. Жерлестеріміз олимпиадалық дистанция бойынша да жүлде алды. Антон Гаас Лазер стандарт класында қола медальға қол созса, Берік Құбаев пен Яна Белозерова жұбы экипаждар жарысында үшінші орынға табан тіреді. Дохадағы халықаралық сынға жастар мен жасөспірімдер командасы да қатысты. Еркебұлан Сардарбеков, Шыңғыс Өтеген, Әмір Тимуров және Мұса Рахымжан өз бағдарламаларында алғашқы ондықтан көрінді. Енді ұлттық құрама жазғы олимпиада жолдамасынан үміт күтеді.
Мақсұт Нарбаев, желкенді қайық спортынан аға жаттықтырушы:
-ИХАФ дейді Лондонда орналасқан халықаралық федерация, солармен келіссөз шартын өткізіп жатырмыз. Енді ерте бастан айтпай-ақ қояйын, Алла бұйырса жемістері болады деп ойлаймын. Федерациямен келіссөз өткізіп жатырмыз. Азия чемпионатында, Азия ойындарында және Олимпиадаға да бір беткеұстар қызымыз Карина Жангазова. Кешегі жарыста ол RS деген класта өзінің өнерін көрсетіп, екінші орынға ие болды. Ол қыздың дайындығы өте жақсы.