Астанада Qazaq Olympic Style көрмесі ашылды
«Өткеннен болашаққа». Астанада Qazaq Olympic Style көрмесі ашылды. Қоғамдық ұйымдар бастап, спорт ведомствосы қостаған шараға енді көпшіліктің қолдауы қажет. Ол үшін елордадағы ең биік ғимараттағы көрмеге келіп, бірегей экспозицияларды тамашалау жеткілікті.
«Еліміздің даңқты спортшыларының байрақты бәсекелерде киген киімдері, спорттық құралдары мен тарихи фотосуреттер қазақ спортшыларының Олимпиада ойындарында кешкен эмоцияларын сезінуге мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар.
Мәселен, Сиднейде топ жаған Ольга Шишигина осы көрмеге жарыс жолына шыққан жейдесі мен аяқ киімін беріпті. Көрме алдағы уақытта спортшылардың жәдігерге бергісіз заттарымен толығады.
Ниль Петра, Францияның Қазақстандағы елшілігінің ынтымақтастық жөніндегі өкілі:
- Жуырда Франция елшілігі Қазақстанның Паралимпиада чемпиондарына арналған көрме ұйымдастырады. Оған түсіру тобы Парижден келеді деп күтіп отырмыз. Біз Қазақстанның спорттық әлеуеті жоғары ел екенін, Паралимпиадаға келетін спортшыларының да мықты екенін білеміз. Жазғы Олимпиада ойындарына 100 күн қалды, қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ал бүгінгі көрме Францияға аттанатындар үшін үлкен қолдаудың басы болады деп ойлаймын.