«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды
Үш жыл қатарынан өтіп жатқан «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды. Павлодардан Астанаға қарай бет алған шабандоздар 500 шақырымның 100 шақырымын артқа тастады. Сөреден 19 өңірдін командасы шыққан. Мәреге 15-і ғана келді. Қарсыластарынан қара үзіп келген шығысқазақстандықтар болатын. Олар 100 шақырымды 5 сағат 47 минутта желіп өтті.
Мәреден екінші болып Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасы өтсе, солтүстікқазақстандықтар үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтеді. Жарыс ережесіне сәйкес 50 шақырым сайын командаларға демалуға мүмкіндік беріліп, аттардың жағдайы ветеринарларық тексерістен өтеді. Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады.
Биыл «Ұлы дала жоырығында» бірінші келген команда 15 млн теңгені қанжығасына байлайды.
Бақытжан Тұрлыбеков, «Жорық» федерациясының президенті:
- Биылғы жобаның былтырғымен салыстырғанда ерекшелігі – биыл 500 шақырым. 22-де білесіздер, 1200 болды. 23-те 1300 болды. Биыл 500. Неге 500? Себебі біз күзде өтетін халықаралық «Ұлы дала жорығына» дайындалып жатырмыз. Осы жобадан өткен 3 команда халықаралыққа жолдама алады.
Бекзат Жақыпов, СҚО командасының шабандозы:
- Біз старттан үшінші болып шықтық. Старттан шығып, асықпадық біз. Асықпай, аттардың денесін қыздырдық. Біз қыздырып жатқан кезде 5-6 команда бізден озып кетті. Біз оларға қарамадық, олармен жарыспадық басында. Ақырындап аттардың денесін қыздырып, сосын тренер тактикасымен бір темппен аттарды қойып алып, сөйтіп ұра бердік.