Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына барады. Спорт жаңалықтары
Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына барады. Қазақстандық спортшы еркін күрестен 57 келіде лицензияға ие болды. Біріккен күрес әлемі Ресей құрамасына тиесілі жолдаманы жерлесімізге сыйға тартты. Орыстар Парижге барудан бас тартыпты. Франция астанасындағы ойындарда еркін күресте Қазақстан атынан 4 балуан белдеседі.
Париж ойындарына тағы бір жолдама еншілеген Ұлттық құрама соңғы оқу-жаттығу жиынын Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында өткізеді. Еркін күрес шеберлері 21 шілдеде кешенді сынға дайындықты бастайды. Кейін Франция астанасына жол тартады. Қазақстан құрамасы сапында Мейрамбек Қартбайдан бөлек, Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали және Жүсіп Батырмұрзаев сынға түседі. Қазір ұлттық құрама балуандары Дағыстанда дайындалып жатыр.
Астанада конкурдан ашық біріншілік өтті. Жүлде қоры 12 млн теңгені құрайтын дәстүрлі жарысқа 5 аймақтан 80-ге жуық спортшы қатысты. Ат спортының үздіктері 7 санат бойынша сынға түсті. «Балалар» бәсекесінде «Шах» тұлпарын тақымдаған Әмира Қабжанова топ жарды. «Жасөспірімдер» жарысында «Таймазды» тізгіндеген Эстелла Бабаян жеңіске жетті. «Әуесқойлар» санатында «Кайло Рен» атымен Валентина Краузенің мерейі үстем болды. «Ересектер» сайысында Әнуар Досмайыловтың «Диас» жылқысы озды.