Ақтауда дзюдодан Азия кубогы аяқталды. Спорт жаңалықтары
Ақтауда дзюдодан Азия кубогы аяқталды. Тұрар Жолдыбаевты еске түсіруге арналған дәстүрлі жарыс халықаралық қауымдастық күнтізбесіне енген. Сондықтан татами бәсекесінде олимпиадалық ұпайлар беріледі. Ашық Азия кубогына 10 елден 200-ден аса балуан келді. 14 салмақтың он екісінде қазақ спортшылары топ жарды. Тек екі салмақта бас жүлде қонақтарға бұйырды. Ерлер арасындағы 60 келіде Әзербайжан дзюдошысы жеңіске жетті. Аса ауыр салмақта өзбек балуанының мерейі үстем болды. Өзге салмақтарда Қазақстан спортшылары көзге түсті. Ақылжан Жұбатқанов, Ислам Тоқтасын, Аңсарбек Ғайнуллин және Бейбіт Мәдеев пен Айдар Арапов Азия кубогының чемпионы атанды. Әйелдер арасындағы белдесуде барлық салмақта қазақ қыздары жеңіске жетті.
Елдос Сметов, дзюдодан Олимпиада чемпионы:
-Мұндай жарыстар елімізде көп болса, тәжірибе алмасып, осы жерден тәжірибе жинап, алдағы уақытта әлемдік ареналардан бағын сынап көретін балуандар шығатын орны биік.
Асылбек Жолдыбаев, Маңғыстау облыстық Дзюдо федерациясының президенті:
-Осы жарысты болашақта жоғары деңгейге жеткізуге өзіміздің арманымыз. Мүмкіндігіміз болса бұл жарысты жоғары деңгейде көтереміз деп ойлаймын. Осы жарыстың жергілікті спортшыларға мүмкіншілігі зор.
Теннистен ATP 250 Almaty Open турнирінің негізгі кезеңі басталды
Бүгін қазақстандық Тимофей Скатов пен Александр Шевченко жұптық сында ширек финалға шықты. Жерлестеріміздің келесі қарсыласы енді анықталады. Жұптық сында қазақстандық тағы екінші ойыншы бар. Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев ширек финал жолдамасын Португалия-Мексика жұбымен сарапқа салады. Жекелей сында Бейбіт ливандық Хасаннан екі сетте басым түсіп, екінші айналымға шықты. Михаил Кукушкин мен Александр Шевченко өзара кім мықтыны анықтайды. Тимофей Скатов та жекелей жарыста жүлдеге таласады. Алматы ашық біріншілігі 20 қазанда аяқталады. 250 санатындағы жарыстың жалпы жүлде қоры 1 млн доллардан асады.