Хабар телеарнасы

Футбол клубтарына бөлінген қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр - Нұрмұхамед Тәжіғұлов

Қазақстан футболшылары ақша үшін қарсыластарынан әдейі жеңіледі... Мұндай сұмдықты жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі айтты. Еліміздің кәсіби спорт саласына қызметтік сараптама жүргізген құзырлы орган бірнеше матчта осындай жағдай болғанын айтады. Ал халықаралық «Спорт-радар» компаниясы 2022 жылы Қазақстанды ұйымдасқан ойындар өткізуден әлем елдері арасында алдыңғы ондыққа енгізген. Мәжіліс депутаттары бүгін кәсіби спорттағы жемқорлық тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, біраз дүниені жайып салды.

Қазақстан соңғы 5 жылда кәсіби спортқа 1,4 трлн теңге бөліпті. Ал 2024-2026 жылдарға тағы 1,3 трлн теңге қарастырылған. Ал бұл спорттағы жетістіктері біздікінен әлдеқайда жоғары елдердің бюджетінен едәуір көп. Ал біздің ұлттық құрамаларға қыруар қаржы беріліп жатса да, нәтиже шамалы. Тіпті кей жарыстардан құр алақан қайтқан кездері де болған.

Нұрмұхамед Тәжіғұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі:

-Кәсіби клубтарға бөлінген триллиондаған мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр. Одан қалды олар бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Мәселен, біздегі ең қымбат саналатын «Астана» футбол клубының жеке футбол академиясы мен өзіне қажетті инфрақұрылымы жоқ. Ал оларға соңғы 5 жылда 50 млрд теңге бөлінді.

Одан қалды спорт клубтары сырттан келген спортшыларға ақшаны үйіп төгеді. Соңғы жылдары елімізге 100-ден астам легионер келген. Бірақ салаға сараптама жүргізген құзырлы орган, олардың тиімділігі жоқ деп отыр. «Үлде мен бүлдеге оранған шетелдік спортшылар байрақты бәсекелерде барын салмайды және көп ұзамай еліне қайтады», - дейді.

Нұрмұхамед Тәжіғұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі:

-Кәсіби спортта спортшыларды халықаралық жарыстарға іріктеуде де ашықтық жоқ. Ал осыдан 4 жыл бұрын басталған саланы цифрландыру жүйесі әлі күнге дейін іске қосылмаған. Яғни министрліктің қолында спортшылар мен жаттықтырушылар жайлы нақты ақпарат жоқ деген сөз. Салдарынан көзқысты, бармақбасты әрекеттер жасалып жатыр.

Ал Туризм және спорт министрлігінің өкілі: «Мұның бәрімен күресіп жатырмыз», - дейді. Айтуынша, енді Қазақстанда азаматтығы жоқ легионерлерге бюджеттен бір тиын да төленбейді.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

-«Самұрық-қазына» қоры арқылы қыруар қаржы алып отырған 4 клубқа келетін болсақ, біз олар бойынша да шара қолдануға көштік. Мәселен, жақында ғана «Барыс» хоккей клубының директоры төмен нәтиже көрсеткені үшін жұмысынан кетті. Сондай-ақ «Астана» велоклубын қытайлық инвесторларға беру жоспарда бар. Осы арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтамыз. Легионерлерді азайту бойынша да жұмыс жүріп жатыр.

«Спортшылар ғана емес, бізде жаттықтырушылардың да кейбірі сырттан келгендер. Олардың елді құрметтемейтінін және жаны ашымайтынын ара-тұра көріп қаламыз», - деп депутаттар кәсіби спорттың басшылығында жүргендерді сынға алды. «Солардың бірі - футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтің кешегі әрекеті. Журналисті келемеждеген оған айыппұл салынды», - дейді Қазақстан Футбол федерациясының Президенті.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин