Хабар телеарнасы

Талдықорғанда бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. Спорт жаңалықтары

Талдықорғанда бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. «Жетісу кубогына» елімізден бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанның былғары қолғап шеберлері келді. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа 200-ге тарта спортшы жиналды. Олар 14 салмақта жұдырықтасады. «21-ші рет ұйымдастырылған турнирде балалар тәжірбие жинап, шеберлігін шыңдайды»,– дейді мамандар. Жарыс 4 күнге созылады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықпен марапатталып, «спорт шеберіне» үміткер атанады.

Алматыда мектеп оқушылары арасында доджбол спортынан сайыс басталды.

Америкада пайда болып, кейіннен әлемге тараған жаңа жарыс Қазақстанда да қанат жайып келеді. Екі жыл бұрын елімізде алғашқы турнир өтті. Республикалық деңгейдегі бәсекеде Алматы қаласының командасы қатарынан екі жыл топ жарды.

Асқар Еркебайұлы, Алматы қалалық дене шынықтыру және оқу-тәжірибелік орталығының бөлім меңгерушісі:

-Балаларымыз осы спортты жақсы ойнау үстінде. Бұл жерде команда құрамы он адамнан тұрады. 4 қыз, 6 ұл ойнайды. Ортада бес доп болады. Бір команда үш допқа жүгіреді, бір команда екі допқа жүгіріп, бір-бірін атысып ойнайды. Доп тиген адам ойыннан шығарыла береді.

Биыл доджболдан үшінші мәрте ел чемпионаты ұйымдастырылады. Қазір аймақтық іріктеу кезеңі басталды. Командалық ойынға Алматыдағы 8 ауданнан 215 мектептің оқушылары қатысып жатыр. 

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды.

Бұл бәсекеге 73 елден 600-ге жуық былғары қолғап шебері жиналды. Кеше дүниежүзілік доданың ресми ашылу салтанаты өтті. Көк туды команда капитаны Төрехан Сабырхан ұстап шықты. Бүгін іріктеу жекпе-жектері басталады. 60 келідегі Алексей Хаванцев пен 86 келідегі Бақытжан Айтмұханов алғашқы кездесулерін өткізеді. Ал қыздар арасында Аружан Жаңғарбаева мен Толғанай Қасымхан шаршы алаңға шығады. Әлем чемпионатында жігіттер 13 салмақтың мықтысын анықтайды. Қыздар 12 салмақта сынға түседі. Чемпионат 4 қарашада аяқталады.