Хабар телеарнасы

ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті

ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті

Ол отандық футболды екі жыл басқарды. Қазақ елінің құрамасы Барменқұловтың кезінде Еуро-2024 чемпионатына іріктеу турнирінде тәуір нәтиже көрсетіп, финалдық кезеңге шығуға үміткер болды.

«АСТАНА» КОНФЕРЕНЦИЯ ЛИГАСЫНДА ҰТЫЛДЫ

«Астана» конференция лигасының үшінші турында Кипрдің «Пафос» командасынан ұтылып қалды. Лимасол қаласындағы матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Кездесудегі жалғыз голды 87-ші минутта бразилиялық шабуылшы Андерсон Силва соқты. «Астана» сапынан қақпашы Мұхамеджан Сейсен жақсы ойнады. Еурокубоктағы алғашқы ойынын өткізген футболшы «Пафостың» бірнеше қауіпті шабуылын тойтарып, біразға дейін қақпада қырағылық танытты. Мұхамеджан 12 мәрте қарсы команданың соққысын кері қайтарды. «Астаналықтар» конференция лигасындағы келесі ойынын 28-ші қарашада өткізеді. Елордалықтарға Португалияның «Гимарайнш» клубы қонаққа келеді.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ

Қазақ күресінің мықтылары Таразға жиналды. Әулиеата жерінде Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Боз кілем бәсекесінде 500-ге тарта балуан өзара сайыс көркін қыздырды. Таразда топ жарғандар ұлттық құрамаға қосылады. Сондықтан ел біріншілігіне менмін деген балуандар түгел келді. Алғашқы жарыс күні ерлер мен әйелдер арасында алты салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі белгілі болды. Балуандар биылғы чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. 70 келіде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Роза Нысантайқызы финалда түркістандық Ақбота Қыдырәліден жеңіліп қалды. 77 келіде Аружан Жанжарбай ел чемпионы атанды. Аса ауыр салмақта тараздық Арайлым Шегенова жеңіске жетті. Ерлер арасында 90 келі салмақта жергілікті балуан Айдар Бескемпір топ жарды.

Айдар Бескемпір, қазақ күресінен ел чемпионы:

- Маған Исаханов Олжаспен финалдық кездесу қиын болды. Алты белдесу жасап чемпион болдық. Қарсыластар бәрі мықты. бірде былай бірде олар ұтып жүрген балуандар. Бүгін мен бағым жанды. Жеңіске жеттім.

100 келіде шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровтың мерейі үстем болды. Түйе балуандар бәсекесінде Түркістандық Қайсар Шамшидинов Қазақстан чемпионы атанды. Финалда ол биылғы «Қазақстан барысы» семейлік Ерасыл Қажыбаевтан айласын асырды. Қазақ күресінен ел чемпионаты 10-шы қарашаға дейін жалғасады.

ҚХЛ: «Барыс» - «Автомобилист» 1:3

«Барыс» ұтылып қалды. Елорда командасы құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Автомобилисті» қабылдап, 1:3 есебімен есе жіберді. Матч айдын иелері үшін сәтті басталған. Ресейлік ойыншы Никита Сетдиков мергендік танытып, «Барысты» алға жетеледі. Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Екатеринбург хоккейшілері соңғы жиырма минутта нәтижелі ойын көрсеттті. Қонақтар қатарынан үш шайба соқты. Никита Трямкин, Брендан Лайпсик және Стефан Да Коста үштігі «Автомобилистке» жеңіс сыйлады. «Барыс» келесі ойынын сырт алаңда өткізеді. Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері 11-ші қарашада «Нефтехимикке» қонаққа барады. Елорда командасы шығыс конференциясында 11-ші орында келеді.