Хабар телеарнасы

Таеквондо тарланы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл

Биыл таеквондо тарланы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл. Ол халқының намысын бәрінен биік қойды. Ұлт мақтанышының арманы Қазақ елін күллі әлемге таныту еді. Мұстафа Өзтүрік Қазақстанда шығыс жекпе-жегінің негізін қалады. Ол спортты дамытып қана қоймай, жастарды білім алып, кәсіп иегеруге шақырды. Әлемдік ареналарда қазақ рухын асқақтатып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласында дүниеге келген. 21 жасында Тайбэй қаласындағы Халықаралық саясат университетіне журналист мамандығына түседі. Сол жақта корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренеді. 1977 жылы 4 дан иегері атанады. Ол жырақта өссе де, ана тілін жетік білген. Одан бөлек түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерінде сөйлеген.

Несіп Жүнісбаев, спорт журналисі, жазушы:

-Ол бөлек туған жігіт болатын. Керек болса кезінде қол бастауға жаралған батыр секілді. Сөз бастауға жаралған шешен секілді. Ештеңеден тайсалмайтын, ерекше туған жігіт болатын. Оның адамға деген жұғымдылығы, адамның алдынан өтпейтін тәрбиесі қазақи ол бір дастан.

Мұстафа Өзтүрік таеквондодан қара белбеу 6-шы данды иеленген алғашқы қазақ. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қаласында таеквондо мектебін ашады. 1990 жылы әлемді мойындатқан спортшы атажұртқа оралады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыда спорт мектебін ашады. Қазақ спортының тарихында алғаш рет таеквондошыларды халықаралық жарыстарға апарып, ірі жеңіспен оралып жүрді.

Мұстафа Өзтүрік, ҚР Таеквондо Федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы:

«Мен өзі ұлтымның, мемлекетімнің туын алып шықсам, сол тудың астында көрінсем, сол тудың астында қызмет етсем деген арман болған. Ал ол арманға мен Америкада жеттім. Түркияға бардық, Италияға бардық, Англияға бардық. Сол жерде өз мемлекетіміздің туын желбіреттік. Көрсеттік, міне қазақпыз дедік. Қазақстаннан келдік дедік. Америкаға барған чемпионатқа барған кезде сол есіме түсті. Бұдан артық не бар маған».

Мұстафа Өзтүріктің шәкірттерінің бірі Қайрат Қырғызбаев: «Ұстазымыз өте қарапайым болды. Ол қазақ балаларына спорт пен ғылым, білімді ұштастыра еңбек етуге кеңес беретін»,-дейді.

Қайрат Қырғызбаев, спорт шебері, жаттықтырушы:

-Спортпен бірге білім алған адам ол жақсы жетістікке жетеді. Ал егер де ол спортта тек қара күшке сенген адам ол ұзаққа бармайды. Соны бізге үйретті ұстазымыз. Біз де соны шамамыз келгенше үйретіп жатырмыз Аллаға шүкір шәкірттерімізге.

Даңқты спортшы 1995 жылы наурыз айында Алматыда қайтыс болды. Біреулер улаған деген болжам бар. Дәрігерлер қанша тырысқанымен ажалға араша бола алмады. Қырық жасында өмірі қиылған Өзтүріктің қазасы әлі күнге дейін жұмбақ. Дегенмен оның есімі халық жадынан өшпейді. Өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі.

Авторлары: А.Садуақас, Э.Кон