Хабар телеарнасы

Лоу-кик шеберлері Тәжікстанда ел намысын қорғайды

Осыдан екі ай бұрын Астанада Лоу-кик федерациясы құрылды. Лоу-кик сөзін жанкүйерлер жақсы біледі. Аяқпен тебу. Бұл соққы жекпе-жек спорт түрлерінің көбінде кездеседі. Атап айтсақ, кикбокс, ушу-саньда, таеквондо, каратэ, муай-тай секілді спорт түрлерінде қолданылатын әдістердің бірі. Қазіргі таңда балтаяқты жігіттердің жарысы бөлек өтіп жүр. Тіпті Испанияда халықаралық Лоу-Кик федерациясы құрылып, оған 20 дан аса мемлекет мүше атанған. Елордада Лоу-Киктен екі рет республикалық деңгейде жарыс ұйымдастырылды. Сол сында үздік шыққан Төлеген Давлутов пен Бекмұрат Оңғалов және Тимур Шамуратов пен Юрий Белянин секілді мықтылар енді 15 желтоқсанда Тәжікстанда өтетін халықаралық жарыста ел намысын қорғайды. Федерация тізгінін ұстаған Өмірбек Әльмағжанов Лоу-Кикті дамыту үшін алдағы жылдары үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.