Талдықорғанда үстел теннисі орталығы ашылды
Таяуда ғана волейбол орталығы ашылған Талдықорғанда тағы бір заманауи спорт нысаны пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисімен шұғылданатын жастар енді жеке ғимаратта жаттығады. Бұл – бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынып, биыл есігін айқара ашқан аймақтағы оныншы кешен.
Бұл – Жетісу облысындағы алғашқы үстел теннисі орталығы. Аумағы 2000 шаршы метрден асатын нысан кәсіпкерлердің қаражатына салынды. Атымтай жомарттарға алғыс айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл жергілікті бюджет есебінен тоғыз кешен тұрғызылғанын атап өтті.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Бүгінгі ашылып отырған үстел теннисі орталығы да спортқа талантты жастарды көптеп тартуға, спортшылардың одан ары шыңдалып, қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге, сонымен бірге Жетісудың атын республикалық, халықаралық жарыстарда шығарады ғой деп ойлаймын.
12 үстел қойылған орталықта бір мезетте 24 адам шеберлігін шыңдай алады. Кең ғимараттың ашылғанына әсіресе облыс құрамасында жүрген жастар қуанышты. Себебі осыған дейін олар шағын залда жаттыққан.
Рамазан Жолжақсы, облыс құрама командасының капитаны:
- Біз жарыстарға көп шығамыз. Сол кездері бізде де осындай зал болса екен деп армандайтынбыз. Қазіргі таңда ол іске асты. Өте қуаныштымыз. Балалардың бәрі риза.
Саят Сарқытов, облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Күніне 50-ге жуық спортшылар жаттығады. Паратенисшілер бар. Спортшылар да бар. Өздерінің күн кестесіне байланысты таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін оқу жаттығу жиындары өтеді.
Орталықта шахмат пен тоғызқұмалақ ойнауға арналған бөлмелер бар. Жаттығу залы, жуынатын орын да қарастырылып, спортшыларға қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.
Елсияр Қанағатов, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті:
- Біз федерация тарапынан жаттықтырушыларды жинап, семинар-кеңес өткіземіз. Шетелдік жақсы мамандарды алып келіп, шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сонда осы жердегі жаттықтырушыларды міндетті түрде сондай оқулармен айналыстырамыз. Республикалық деңгейдегі жарыстарды осы жерге күнтізбеге кіргізіп, жарыстарды ұйымдастыруға атсалысамыз.
Үстел теннисі орталығында спорт мектебінің оқушылары жаттығады. Сонымен қатар жеткіншектерге арналған тегін үйірме жұмыс істейтін болады.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын