Хабар телеарнасы

Азия чемпионаты: Таиландтағы дода мәреге жетті. Спорт жаңалықтары

Таиландта былғары қолғап шеберлерінің құрлықтық додасы мәреге жетті. Күміс пен қоланы қоспағанда 9 алтын алдық деп ауыз толтырып айтуға болады. Бірақ басты қарсыласымыз өзбектерден тағы қалып қойдық. Мықтыларының барлығына дерлік демалыс берген ала тақиялы ағайындар Азия чемпионатына екінші және үшінші нөмірлі спортшыларын алып барған болатын. Барлығы 13 салмақтың жетеуінде Өзбек боксшылары топ жарды. Әңгіме жігіттер жайында. Жеті салмақ бойынша финалда қазақ, өзбек боксшылары жолықты. Тек Махмұд Сабырхан мен Бекзат Нұрдәулетов қана қарсыластарынан айласын асырды демесеңіз, өзге жігіттердің бәрі өзбекке есе жіберді. Азия чемпионатының басы қасында жүрген әріптестеріміз кейбір салмақта төрешілер тосқауыл болды деген уәж айтады. Ол да мүмкін. Бірақ дәл осы Азия біріншілігінде жаңа есімдерді шығара алмадық. 54 келіде топ жарған Махмұд Сабырхан өткен жылы ғана құрлықты мойындатып қойған. Тағы бір чемпионымыз Бекзат Нұрдәулетов бес жыл бұрын әлем чемпионы болғанын білеміз.Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбайлар да өте тәжірибелі боксшылар. Әрине ерен еңбекпен келген жеңістері үшін жігіттерге жарайсыңды айтсақ жарасады. Дегенмен кіл мықтылармен барып командалық есепте топ жара алмағанымыз қиындау болып тұр.

Астанада «Қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті

Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті. ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Қаратай Тұрысовтың замандастары жора-жолдастары, қоғам қайраткерлері мен спорт ардагерлері және немерелері мен зайыбы Әскергүл Жамбайбекқызы қатысты. Басқосуда ел тарихындағы тұлғалы азамат Қаратай Тұрысұлының кейінгі жастарға қалдырған мол мұрасы, ғибраты мол өнегелі өмір жолы жәйлі мәнді де мағыналы естеліктер айтылып, баяндамалар жасалды. «Тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш дене шынықтыру және спорт министрі болған Қаратай Тұрысұлының қазақ спортына соның ішінде қазақ спортшыларына жасаған игі істері тарихта мәңгі қалады»,– дейді мамандар.

Ольга Рыпакова жеңіл атлетика федерациясының президенті атанды

Бүгін ел спортында біршама ауыс-түйістер болды. Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясын біраз жылдан бері басқарып келген Даниал Ахметов өз орнын босатты. Шымшық сойса да қасапшы сойсын демеуші ме еді... Жеңіл атлеттерді енді осы саланың жілігін шағып майын ішетін Ольга Рыпакова басқарады. Лондон Олимпиадасының чемпионы ел спортында беделі биік тұлға. «Ольга қыз енді осы саланың абыройын арттыра түседі деп сенемін»,– деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов. Сондай-ақ ауыр атлеттер федерациясын 10 жылға жуық басқарған Жанат Түсіпбековтың орнына Гаджи Гаджиев тағайындалды.

Авторы: Жандос Айтбайұлы