Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды
Ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ ұлы Нұрғиса Әділетұлы көк туымызды биіктен желбіретті. Жерлесіміз 96 келі салмақта сынға түсіп, қоссайыс қорытындысында 388 келіні бағындырып әлем чемпионы атанды. Бұған дейін тағы бір қазақстандық атлет Алексей Чуркин қоржынымызға күміс жүлде салған еді. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға барлығы 15 атлет барған болатын.
Балалар футболына баса назар аудару керек
Ел футболының көсегесін көгерткіміз келсе балалар футболына баса назар аударғанымыз жөн. Өйткені ел ертеңі жастар дейміз. Елімізде ала допқа аңсары ауған жас өрендер аз емес. Легионерлер қалтасында кеткен қыруар қаржы сол жас өрендердің игілігі үшін жұмсалса одан ұтылмас едік. Футбол академиялары көптеп ашылып, жастар арасындағы жарыстары жиі-жиі өтіп тұрса, әрине бәсекелестік арта түседі. Бәсекелестік болған жерде жетістіктер де жалғасын табады. Былтырдан бері елорда да Астана CUP халықаралық турнирі қолға алынды. Биылғы турнирге Ресейдің бірнеше өңірінен және Өзбекстан мен Қырғызстаннан командалар келіпті. Ұйымдастырушылар қолдың қысқалығын айтады. Болмаса жарысқа қатысуға Еуропаның көптеген елдері қызығушылық танытқан. Бірақ олардың шығынын көтеру оңай шаруа емес.
Ал жарысқа келер болсақ, 16 команда бүгін алғашқы тур ойындарын өткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тәуелсіздік күні белгілі болады. Өзбектердің Бунедкорымен Ресейдің ОМСК және Пермь командаларымен қазақ балалары терезесі тең өнер көрсетіп жүр.
Жас өрендеріміз жалындап жанып тұр. Арманы асқақ талабы таудай. Ең бастысы осындай жарыстардың жағрафиясын кеңейтіп, жас өрендерге жағдай жасай білсек, ел футболының болашағы жарқын болмақ.
Авторы: Жандос Айтбайұлы Хабар.