Қазақ спортшылары әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетті
Уақыт керуеніне ешқандай бөгет жоқ. Көзді ашып жұмғанша 2024-ші жылда сынаптай сырғып өте шықты. Тарих қойнауына жол тартқан Ұлу жылында қазақ спорты несімен есте қалды? Рас, 2024-ші жыл жарысқа толы болды. Олимпиада ойындары әлем біріншіліктері, көшпенділер ойыны тағысын тағы. Осынау байрақты бәсекелерде қазақ спортшыларының жеткен жетістіктері аз болған жоқ. Бәрін жіпке тізіп шығу мүмкін емес. Ұлт спортының өлшемі Олимпиада десек, алдымен ойға оралатыны Париж ойындары. Ендеше төртжылдықтың басты додасына тағы бір шегініс жасап көрсек.
Қазақ елінің ұл-қыздары Париж Олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Бейресми командалық есепте Қазақстан құрамасы 43-ші сатыға табан тіреді. Дүбірлі додаға дүниежүзінің 200-ден аса елі қатысқан болатын.
Ұлу жылындағы ұлы жеңісіміз осы Париж төрінде тіркелді. Татамидің хас шебері Елдос Сметов ерлік жасап, еліміздің көк байрағын биіктен желбіретті. Үш бірдей Олимпиададан медаль алған жалғыз қазақ та осы Елдос еді. Талантты дзюдошы төртінші рет те тәуекелге баратынын айтты. Сәттілік серік болсын дейміз.
Алақандай ғана Үшарал ауылында туып ұшпаққа шыққан Демеу Жадраевтың күміс жүлдесі де жанымызды жадыратып-ақ тастады. Боксшылар арасынан Нұрбек Оралбайдың күмісі де алтынға бергісіз еді. Қазақ елінің қоржынына тағы бір күміс жүлде салған Нариман Құрбановтың да есімі тарихта қалады. Нәзік демесеңіз, намысы берік Назым Қызайбай ерен еңбек пен төзімділіктің арқасында қолаға қол жеткізді.
Мергендеріміз де мүлт кетпей, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев сонау Атланта ойындарынан кейінгі алғашқы жүлдені әкелді. Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлерін халық төбесіне көтеріп алды. Ел намысы таразыға тартылған шақта бар күш-жігерін сарқыған спортшыларға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды.
Паролимпиадашылар Ақмарал Науатбек пен Давид Дегтяревтің жеңісі де талайға үлгі болды.
2024-ші жылы Олимпиадалық жазғы спорт түрлері бойынша қыз-жігіттеріміз 4 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Екі алтын медаль ауыр атлеттерге тиесілі. Сондай-ақ еркін күрес пен әртістік суға жүзіуден чемпиондар шықты.
Қазақтың ұл-қыздары ақыл-ой спорты шахматтан да шебер екенін дәлелдеп келеді. Бибісара Асаубаева мен Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова мен Алуа Нұрман және Меруерт Қамалидиновалар Мажарстанда өткен шахмат олимпиадасының шаршы тақтасында қарсылас шыдатпай, үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы 24-ші жылы Халықаралық және Азия шахмат федерациясының туы астында өткен жарыстарда біздің жерлестер 56 алтын, 54 күміс, 51 қола медаль жеңіп алыпты.
Ұлтты ұйыстырып, ұлттың рухын оятатын ұлы дала төрінде дүбірлі дода Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте жоғары деңгейде өтті. Көшпелі халықтардың бай мәдени мұрасы мен дәстүрлі спорт түрлерінің бірегей мерекесінде де отандастарымыз олжа салды.
Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен де жерлестеріміз толағай табыстарға қол жеткізді. Дәлірек айтсақ, әлем біріншіліктерінен 39 алтын, 33 күміс, 32 қола жүлде еншіледік.
Азия біріншілігіндегі жетістіктеріміз де аз болғңан жоқ. 125 жүлде алдық. Соның 39-ы алтын. Басым көпшілігін боксшылар жеңіп алған.
Таиланд төрінде керілген шаршы алаңда қыз-жігіттер барын салды. Әрине, өткен жылда өзекті өртейтін өкінішті сәттер аз болған жоқ. Дегенмен бір жылда алты бірдей жарыста жеңімпаз атанған Төрехан Сабырхан секілді талантты жастарымыз өсіп келеді. Осындай жігерлі жастарымыз барда жылан жылы да жемісті болады деген үміт басым.
Жандос Айтбайұлы