Шорт-трек шеберлері шыңға шыға ала ма?
Бұрын қысқы спорт түрлерінен шаңғышылардың жолына үмітпен қарайтын едік, соңғы жылдары могулдан медаль күтетін болдық.
Біраз уақыт бойы Юлия Галышева ел намысын аброймен қорғап келді. Енді Юлияның орнын Городко басты. Айналасы он күннің ішінде Анастасияның бір емес, екі бірдей байрақты бәсекеде асығы алшысынан түсіп отыр. Алдымен Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде паралельді могулда чемпион атанса, кеше Универсиада жеңімпазы болды.
Жапония мен неміс қыздарын қар қаптырып кеткен жерлесіміз нағыз бабында екен, осы қарқынын жоғалтып алмаса, маусым соңына дейін әлем кубоктарында да жүлдеге ілініп қалуы әбден мүмкін. Ал келер жылы ақ олимпиада күтіп тұр.
Қазақтың ұл-қыздарын баптай білсе, барлық спорт түрлерінен бәске түсе алатынын білікті бапкер Мәдіғали Қарсыбеков ағамыз баяғыда-ақ дәлелдеп берген.
Шорт-трек жайлі айтып отырмыз. Сочи мен Бейжің Олимпиадасында жүлделі орынға сынық сүйем қалған жігіттеріміз дүниежүзілік жарыстарда әлем мықтыларымен терезесі тең өнер көрсетіп жүр. Бірақ сол қыз-жігіттердің алаңсыз дайындық жүргізуіне жағдай жасалды ма ? Мәселе сонда.
Біз конькшиілер жүгіретін және хоккейшілер ойнайтын айдында тыңғылықты дайындық жүргізе алмаймыз, - деп спортшылар жиі айтады. Ол рас. Ендеше шорт-трек шеберлеріне жеке жаттығу кешені керек.
Ақпанда басталатын Азия ойындарында шорт-трек шеберлеріне сенім артып отырмыз. Абзал Әжіғалиев пен Әділ Галиахметов және Денис Никиша секілді тәжірибелі спортшылармыз намысты қолдан бермеу үшін тер төгіп жатыр. Сәттілік серік болсын дейміз!