Берік Уәли: «Хабар» Агенттігі жас мамандарға қолдау көрсетеді
1 маусымнан бастап «Хабар» арнасынан «Оян» атты жаңа таңғы шоу және «Не Хабар?» кешкі бағдарламасы көрерменге жол тартады. Танымал журналист, осыдан екі ай бұрын ғана «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы болып тағайындалған Берік Уәли еліміздегі ірі медиахолдингтің жаңа жобалары мен телеарналар қызметіндегі өзгерістер туралы айтып берді.
- Өзекті сұрақтардан бастасақ. «Хабар» телеарнасы алдағы маңызды саяси іс-шараға орай «Референдумға барамын» телемарафоны туралы ақпаратты белсенді таратып жатыр. Осы жоба туралы тарқатып айтып берсеңіз. Марафонды арна ардагерлеріне айналған журналистердің жүргізетінін «Хабардың» өткенді қайта жаңғыртуы деп қабылдауға бола ма?
- Иә, алдағы референдум еліміз үшін аса маңызды саяси іс-шара екені белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізу туралы бастамасы - шын мәнінде мемлекеттік билікті демократияландыру мен орталықсыздандыруға бағытталған үлкен қадам. Осы орайда жетекші мемлекеттік медиа агенттік ретіндегі басты міндетіміз - қазақстандықтарға референдум туралы барлық сұраққа жан-жақты жауап алуға көмектесу.
Референдумның өткізілуіне байланысты «Хабар» телеарнасы бірегей жоба – он сағаттық телемарафон дайындады. Бірнеше қаладан тікелей эфирлер ұйымдастырамыз. Елорда төріндегі «Бәйтерек» монументі жанында ашық студиядан хабар таратамыз. Ол жерде саясаттанушылар, сарапшылар, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, депутаттар және басқа да өкілетті тұлғалар бас қосып, референдум туралы пікірлерімен бөліседі. Телемарафон 3-маусым күні сағат 10:00-де «Хабар» телеарнасында көрсетіледі.
Телемарафон болатынын жариялаған кезде көрермендерден көптеген жақсы пікірлер айтылды. Айгүл Мүкей, Ләйлә Сұлтанқызы, Денис Кривошеев және Дархан Әбдуахиттің жүргізушілікке тағайындалуы «Хабардың» өз бастауына қайта оралуы емес, арна ардагерлері мен жаңа есімдердің синергиясын, бірлігін білдіреді десек қателеспейміз.
- «Хабарда» жаңа есімдермен бірге жаңа жобалар да дайындалып жатқан болар. Биыл жаңа маусымды әдеттегіден ертерек бастағалы жатқандарыңыз рас па?
- Жоқ, жаңа телевизиялық маусым әдеттегідей қыркүйек айында басталады. Алайда, өзіңіз байқағандай, арнамыз жаңа жобаларын ұсынып жатыр. Соның бірі - «Оян» таңғы шоуы. Жаңа жоба 1-маусымнан бастап эфирге шығады. Ол лайықты бағасын алып, телекөрермендеріміз әрбір атқан таңын «Хабар» телеарнасымен бірге қарсы алатынына сенімім мол.
Сондай-ақ, 1-маусым күні сағат 22:30-да «Не Хабар?» жобасы көрсетілімін бастайды. Подкаст форматындағы бағдарламаны танымал тележурналист Нұрсұлтан Құрман жүргізеді. Көрермендер студияға қоңырау шалып, еркін әңгімеге қосылып, өз пікірлерін білдіре алады.
Сізбен тағы бір жақсы жаңалығымызбен бөлісейін. «Хабар» арнасы күндізгі жаңалықтар топтамасын кешеден бері қайтадан іске қосты. Енді сағат 12.00-де және 13:00-де арнамыздан күндізгі ақпарат легін көруге шақырамыз.
Басқа да жобалар туралы жаңа маусымға қарай қосымша хабарлаймыз.
- Сіз «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы қызметіне жақында тағайындалдыңыз. Instagram-дағы жарияланымдарыңызға қарап, жаңа жұмысқа тез орнығып, медиахолдингтің өзекті мәселелерін шешуге белсене кіріскеніңізді байқаймыз. «Хабар» бізді тағы қандай жаңалықтарымен қуантпақ? Отандық контентті шет елдерде ілгерілету жұмысы қалай жалғасады?
- Менің жарияланымдарымның ерекше назарда екені қуантады. Шын мәнінде, атқарылатын шаруа өте көп. Бірінші кезекте «Хабар» агенттігінің жобаларды іріктеу тәсіліне баса назар аударып жатырмыз. Барлығын барынша ашық көрсеткіміз келеді. Жас мамандарға қолдау көрсетіп, жаңа есімдерді тартып жатырмыз.
Еліміз қазір трансформация жолында. Біз де жаңа Қазақстанның құрылысына өз үлесімізді қосып келеміз. Жас әрі талантты сценаристерге, шағын шығармашылық ұжымдарға барынша мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз.
Осы орайда халықаралық серіктестікке ерекше назар аударып, ірі компаниялармен байланысты күшейтуге көңіл бөлеміз.
Агенттіктің тапсырысы бойынша әзірленген телеөнімдерді ел ішінде ғана емес, шетелдік көрерменге де жеткізу маңызды. «Хабардың» контентін Болливуд арқылы таратуды жоспарлап отырмыз. Осы бағыттағы ынтымақтастықты белсенді дамытсақ, жыл соңына дейін Болливудтағы отандық кино кешінде өз өнімдерімізді ұсынуға мүмкіндік аламыз. Барлығы жоспарлағандай іске асатынына сенеміз.
- Іске сәт! Алдағы кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
БАҚ қызметкерлері көрерменге шынайы ақпаратты тез жеткізу үшін денсаулықтары мен өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан жұмыс істейді. Әсіресе, қиын-қыстау кездері объективті ақпарат таратып, ертеңгі күнге деген үміт ұялатып, сенімді арттырды.
Мереке қарсаңында әріптестеріме адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, өз ісіне деген адалдығы үшін зор алғыс білдіргім келеді. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, жаңа бастамалар мен шығармашылық жобалардың сәтті жүзеге асырылуын тілеймін.