Түнгі музейге кіру тегін. Келушілердің назарына Ұлы Жібек жолы мен көне Құлан қалашығының орнынан табылған сирек әрі бірегей заттар ұсынылды. Жұрт ғасырлар қойнауынан қалған қыш ыдыстар, көне қару-жарақтар мен тарихи бұйымдармен танысты. Сонымен қатар қайта жанданған тарихи тұлғалар мен жергілікті өнер адамдарының образын көріп, өткенге үңілді. Жалпы қазір аудандық музей қорында 9 мыңнан астам құнды жәдігер жиналған. Оның жартысына жуығы жергілікті халыққа тиесілі.
Эльмира Асылбекова, Құлан ауылының тұрғыны:
- Өте ұнады. Кейіпкерлері айнымайды. Біздің жергілікті жауынгер, сарбаздардың нағыз бейнесін көрсетіп отыр. Өте жоғары дәрежеде деп ойлаймын.
Эльдар Өтембаев, тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:
- Қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелер қазіргі таңда жастардың арасында қызығушылық туғызып отыр. «Музей саласына, қазба жұмыстарына барайық, біз де көрейік» дейтін жас көп. Өздерінің тапқан дүниелерін үйлерінде тұрған, болмаса ата-бабаларынан қалған дүниелерін біздің аудандық орталық музейге өткізушілер саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр.