Екпе салудан бас тартатындар қатары азайып келеді

  • 1456
  • 04.02.2020, 11:09

Соңғы бір айдың ішінде емханаға бұрын қарсылық танытқан 12 отбасы келіпті. Олар қатерлі дерт пен жұқпалы аурулардың алдын алу үшін жаңа жылдан бері түрлі вакциналарды жаппай ектіріп жатыр. 7-12 жас аралығындағы балалар өмірінде алғаш рет екпе алған. Дәрігерлер бұрындары үйлеріне жолатпайтын ата-аналардың екпенің маңызын түсінгеніне қуанышты. Мәселен, №2 қалалық емханада қазір екпе салынбаған 11 бала ғана бар.

Жанна Шанытбаева, №2 қалалық емхана директорының орынбасары:

- Бұрын діни ағымдағы ата-аналар екпе салудан мүлде бас тартатын. Біздің дәрігерлермен сөйлеспейтін. Дәрігерлер үйіне барса, баланы қаратпай, мейірбекелерден мүлде бас тартқан. Енді қазір сол діни ағымдағы адамдар ойларын өзгертіп, бастапқыда 1 екпе, одан кейін қалған екпелерді жалғастыруда.

Айдос Мүтәлиев, «Ар-рахман» мешітінің бас имамы:

- Әрине бұл жерде медицинаның дамығанын айта аламыз. Себебі бұған дейін біздің елімізде қызылшадан қаншама халықтың қырылғанын тарихтан білеміз. Ал қазір қоғамда одан аман-есен шығудың себебі – оған қарсы екпенің салынуы. Шариғатта бұл екпе алуды немесе алдын алудың басқа да түрлеріне ешқандай тыйым салмайды.