Хабар телеарнасы

Қазақстанның 8 облысында су тасқыны қаупі бар

Көктемде күн күрт жылынады. Жауын-шашын да мол болады деген болжам бар.

Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, ел аумағының 71%-і қар құрсауында жатыр. Ерлан Нысанбаев қауіп төніп тұрған аймақтар тізімін де келтірді. Сонымен қауіп жоғары деген аймақ қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары. Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау - қауіптілігі орташа өңірлер тізімінде. Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстарында тасқын қаупі төмен.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дауылды ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайтын болады.