«Хабар» Агенттігі Канндағы халықаралық көрмеде өз жобаларын ұсынды
Халықаралық деңгейдегі дәстүрлі шарада «Хабар» Агенттігі төл өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ «Хабар» «Discovery» арнасымен бірлесіп жасаған екі жобаны да таныстырды.
«Хабар» Агенттігі ірі жобаларын халықаралық көрмеге шығарды. Телекомпания Канн қаласында өтіп жатқан MIPCOM дыбыстық-бейне контент көрмесінде сан алуан дүниелерін таныстырды.
Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалық директоры:
- MIPCOM көрмесінде сериалдарды ұсындық. Жылына комедия, мелодрама, детектив сынды жанрларда 10-12 телехикая түсіреміз. Жаңа жобалардың бірі – «Батырлар жолы» сериалы. Келесі жылы эфирге шығады. Кино 12 эпизодтан тұрады. Көрмеге келгендерге Агенттік түсірген Орталық Азияның тарихы жайлы драмалық туындылар ұнап жатыр.
Агенттік өкілдері әлемдік ірі теле, кинокомпаниялардың басын біріктіретін алаңда «Discovery» арнасымен бірлесіп жасаған қос жобаны көрсетті. Оның бірі – түрлі халықтардың мәдениеті мен дәстүрі туралы түсірілген көркем фильмдер болса, екіншісі – түрлі тауарлар мен өнімдердің өндіріс үрдісін көрсететін деректі сериал.
Анна Шайтзах, «Discovery» арнасының Ресей, ТМД бойынша аға менеджері:
- Discovery Atlas Kazakhstan. Бұл – 4К және HD форматында шығатын бір сағаттық бағдарлама. Оны көрген жан бір сағатта Қазақстанға саяхаттап келгендей әсер алады. Ал «Қазақстанда бұл қалай жасалған?» жобасы – 10 эпизодтан тұратын 30 минуттық сериал. Онда отандық өнімдердің өндірісі туралы айтылады.
Әлемге әйгілі MIPCOM көрмесін жыл сайын 10 мыңнан астам маман аралайды екен. «Хабар» Агенттігінің осындай ауқымы кең шараға қатысуы компанияның беделін арттырып, әлемдік телекомпаниялармен серіктестікті нығайтуға сеп болады.
Авторы: Индира Жылқайдарова