«Хабар» Агенттігіне ақжарма тілектер жолданды
Мерейтой қарсаңында серіктестер «Хабар» Агенттігін 25 жылдығымен құттықтап жатыр. Әлемдегі беделді ірі телерадио компаниялары жылы лебіздерін жеткізіп, агенттіктің осы уақыт аралығында атқарған жұмысын жоғары бағалап отыр.
Сондай-ақ «Хабар» Агенттігіне ҚР Сенатының Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және еліміздің Сыртқы Істер министрінің атынан ресми құттықтаулар келіп түсуде.
«Хабар» Агенттігі – Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының мүшесі. Одан бөлек, 25 жылда компания тағы бірқатар ірі бірлестіктердің құрамына кіріп, халықаралық телерадио нарығында тығыз әріптестік орнатқан. Қазір «Хабар» бренді әлемнің көптеген елдерінде танымал. Бүгін Агенттік серіктестері өз құттықтауларын жолдап жатыр.
Джавад Муттаги, Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының бас хатшысы:
– «Хабар» Агенттігіндегі достарымызды 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!
215-тен астам хабар таратушылардан тұратын Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының отбасы біздің ортамызда осындай сенімді мүшенің болғанын мақтан тұтады! Қазақстан халқы осындай кәсіби және сенімді қоғамдық хабар таратушының қызметі үшін шынында да бақытты деп есептейміз. Соңғы екі онжылдық ішінде «Хабар» Агенттігі жаңа тәуелсіз Қазақстанның алғашқы медиа ұйымынан құрметті халықаралық медиа мүшесіне айналды. Енді «Хабар» Агенттігі цифрлық толқынға сенімді түрде өтіп, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда және одан тыс жерлерде өз іздерін қалдырып келеді.
Вансу Ким, Корей хабар тарату компаниясының департамент директоры:
– KBS атынан «Хабар» Агенттігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Біздің ұйымдар халықаралық қызметтің әртүрлі салаларында, әсіресе Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы аясындағы ынтымақтастығымыздың ұзақ тарихы бар. Осы тамаша мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздердің қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіргім келеді.
«Хабар» Агенттігі соңғы 25 жыл ішінде Қазақстанның ұлттық хабар таратушы ретінде дамуда маңызды рөл атқарып келеді. 2013 жылы Агенттік Euronews еуропалық телевизиялық холдингімен әріптестік орнатып, Euronews Network бірлестігінің құрамына кірді. Сондай-ақ компания АҚШ, Түркия Ресей, Бельгия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай, Германия сынды елдерде тілшілер қосынын ашқан.
Энди Хо, «TDM» Макао хабар таратушысы:
– Қазақстандағы «Хабар» Агенттігіндегі қымбатты достарымыз мерейтойларыңыз құтты болсын. Осы айтулы күні «TDM» атынан Сіздерді 25 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтауымызды жеткізгім келеді. «Хабар» Агенттігінің барлық әріптестеріне еңбек жолында сәттілік және болашақтарыңызда болатын барлық жақсылықтарды тілеймін.
«Хабар» Агенттігі өз мамандарының біліктілігін арттыруға үлкен көңіл бөледі. Компания қызметкерлері шетелдік France 24, Euronews пен ТРТ сынды ірі телекомпаниялар базасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып қайтқан. Алдағы уақыттағы жоспарлар да аз емес.
Авторы: Дариға Ташенова