«Qalamaimyn» бағдарламасының жеңімпаздарына пәтер кілті табысталды
Оған «Qalamaimyn» бағдарламасы мұрындық болды. Бұл – ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді дәріптеп, наным-сенімдерді заманауи түрде жаңғыртып, эфир барысында екі елдің құдаласуына куә болатын реалити-шоу.
Бұл – ұлттық дәстүрді дәріптей отырып, шаңырақ көтеруге уәделескен ғашықтардың отау құруына себепші болған бағдарлама. Жоба барысында жастарға қазақтың салт-дәтүрлері көрсетіліп, өнегелі өсиеттері айтылды.
50 шығарылым бойы олар өзара бақ сынасты. Ал соңында он жұп қалып, араларында жеңіске жеткен жастарға еңселі елордадан баспана бұйырады.
Бауыржан Ибрагимов, жүргізуші:
- Қазір кімге бұйыратынын білмейміз. Өйткені дауысты берген – халық. Бүгін егер осы пәтерді ұтпасаңдар да, әрі қарай өмірде сендерге алдарыңнан осындай он пәтер кездесетіндей бақ берсін.
Пәтер иесін қатысушылардың өздері анықтады. Яғни бір-біріне дауыс беріп, жеңімпаздың есімдері жарияланды.
Бауыржан Ибрагимов, жүргізуші:
- Біз қазақ халқының кең жүректігін, бауырмал екенін, өз қамымызды емес, қасымыздағы достарымыз бен бауырларымыздың қамын ойлайтын, сондай ұлағатты ел екенімізді тағы бір дәлелдедік.
Руслан мен Гүлжан – Алматы қаласының тұрғындары. Бағдарламаға кездейсоқ келіпті. Гүлжанға осында сырға салынып, ұзатылу рәсімі де тележоба арқылы ұйымдастырылған екен. Осындай салт-дәстүрдің озығын көрсетіп, олар 12 жұптың арасынан суырылып алға шыққан. Жастар әзірге Алматыда пәтер жалдап тұрады. Гүлжан Қажынова – «Ерзи» мүгедектер қауымдастығында әлеуметтік қызметкер, ал Руслан нәпақасын көлік тізгіндеп табады.
Гүлжан Қажынова, «Qalamaimyn» бағдарламасының жеңімпазы:
- Мен оны ұтып аламын деген ой болмады. Әрине, үміт болды. Ұтып алған кездегі сезімімді ойласам, көзіме әлі де жас келеді. Осы уақытқа дейін «таныс арқылы болатын шығар» деп сенбедім де. Кастингке барар кезде де «өтсек өттік, өтпесек қойдық» деп жаза салған едік. «Өттіңдер» дегеннің өзінде қызық сезім болған.
Жалпы «Qalamaimyn» бағдарламасы – ұмыт болып бара жатқан қазақтың көне салт-дәстүрін жаңғыртып, эфир барысында екі елдің құдаласуына куә болатын реалити-шоу.
Авторлары: Риат Шони, Алмас Сәдуақас